Астанадағы Триатлон саябағында спорттық нысан ашылды

Бүгін, 16:44
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
views53
Астанадағы Триатлон саябағында спорттық нысан ашылды
Фото: Ришат Иркабаев

Триатлон саябағында көпір астындағы кеңістік тағы да бір спорттық нысанмен кеңейді. Қазақстанда теңдесі жоқ фитнес-воркаут пен йога алаңы қолданысқа берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Енді  қала тұрғындары волейбол және баскетбол ойындарына тегін қатыса алады. 


Шараның салтанатты ашылуына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, "Алматы" ауданының әкімі Рүстем Тәуекелов, танымал блогер әрі спортшы Айтым Жақыпов қатысты.

«Спорт алаңының ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! Спорт алаңы қала тұрғындары, жасөспірімдерге, жас буындарға спортты қолжетімді ету, дұрыс тәрбие беру мақсатында ашылып отыр. Қазіргі уақытта байқағандарыңыздай, жаяу жүретін тұрғындар үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Алдағы уақытта  әсем, ұзындығы 4 шақырымды құрайтын Greenline бульвары, Мыңжылдық аллеясы ашылады. Сондықтан барлықтарыңызды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан.

Шара барысында көпшілікке Атланта-1996 және Париж-2024 жазғы Олимпиадасының жүлдегерлеріне арналған бірегей қабырға муралы да таныстырылды. Мұнда Олимпиада чемпиондары Василий Жиров, Юрий Мельниченко, Ермахан Ибраимов, Елдос Сметов және т.б. танымал споршылар бейнеленген.

Фото: Қанат Байұзақов

«2016 жылы Астана қаласының туған күніне орай Триатлон саябағы ашылып еді. Ал 2021 жылдан бастап көпір астында бұқаралық спортты насихаттайтын тегін спорт секциялары жұмыс істеп келеді. Бүгін сіздерге жоғары сұранысқа ие волейбол, баскетбол, фитнес-воркаут, йога алаңдарын таныстырып отырмыз. Осы арқылы қала тұрғындары ешқандай қаржысыз, арнайы дайындықсыз, жас шектеуінсіз тегін қатыса алады», - деп "Алматы" ауданының әкімі Рүстем Тәуекелов спорт алаңы жайлы айта кетті.

Салтанатты ашылуда қаладағы белді фитнес-орталықтарының жаттықтырушылары да арнайы келіп, жаңа құрылғылармен қалай жаттығу керегін іс жүзінде түсіндіріп өтті.



Шара соңында SUNDAR йога орталығының негізін қалаушы Сундар тегін 20 минуттық арнайы йога-терапиясын өткізді.