Астанада суретші Ерболат Төлепбайдың мерейтойлық көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қазақстанның көрнекті суретшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Франция өнер мен әдебиет орденінің кавалері, Сальвадор Дали атындағы Халықаралық альянс сыйлығы мен басқа да беделді халықаралық марапаттардың иегері Ерболат Төлепбайдың «Храмға жол» атты мерейтойлық көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл көрме Қазақстан өнерінің көрнекті өкілі Е.Төлепбайдың 70 жылдық мерейтойы мен 50 жылдық шығармашылық қызметіне арналды. Экспозицияда суретшінің әр кезеңдегі шығармашылығы қамтылып, көрермен назарына кескіндеме өнерінің түрлі бағыттарын қамтитын таңдаулы туындылары ұсынылды.
Ерболат Төлепбайдың өнердегі басты ұстанымдарының бірі – «Өнер адамға бақытты болуға үміт сыйлайды, адамның асқақ мұратына жету жолындағы қиындықты еңсеруге жігерлендіреді» деген сенім. Осы қағидатты өмірлік бағдар еткен суретші өз ғұмырын өнерге арнап, дүниежүзіне танылған және жоғары бағаланған ғажайып туындылар топтамасын жасады.
Суретшінің кәсіби шығармашылық жолы 1974 жылдан басталып, соңғы елу жыл бойы үздіксіз дамып келеді. Осы уақыт ішінде суретші әлемнің көптеген елдерінде 38 жеке көрме ұйымдастырып, халықаралық мәдени кеңістікте кеңінен танылды. 2024 жылы ол Венецияда өткен мерейтойлық Биенналеде Қазақстан павильонының экспозициясына қатысып, ал 2025 жылдың маусым айында Голландияда өткен жеке көрмесінің ашылу салтанатына Нидерланд корольдік отбасы арнайы қатысты.
Ол тек шығармашылықпен шектелмей, елдің мәдени өміріне де белсенді араласты. Ерболат Төлепбай ҚР Жоғарғы кеңесінің депутаты болды, ұзақ жылдар бойы ҚР Суретшілер одағының жастар бірлестігін басқарды. Оның шәкірттері бүгінде Қазақстан бейнелеу өнерінің беделді өкілдеріне айналды.
Ерболат Төлепбайдың жетекшілігімен Ақорда резиденциясы, ҚР Жоғарғы кеңесінің ғимараты, сондай-ақ ел астанасындағы маңызды нысандар көркемдік тұрғыда безендірілді. «Бәйтерек» монументін тұрғызу ісіне де атсалысты.
Суретші жасаған ірі тарихи туындылардың ішінде ҚР Ұлттық музейінің ашылуына арналған «Мәңгілік ел» триптихы («Тандыр», «Анархай», «Жас Дала»), Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тарихи триптихы да бар.
Е.Төлепбайдың туындылары көрерменді өмірдің мәнін, адамның тағдырын, қоғамдағы орнын терең сезінуге жетелейді. Оның өнер философиясы адамзатқа ортақ құндылықтарды насихаттай отырып, болашаққа сенім мен позитивті энергия сыйлайды.
«Храмға жол» көрмесі – Қазақстан бейнелеу өнерінің ұлы шеберінің өмірлік тәжірибесі мен шығармашылық ізденістерін тоғыстырған бірегей іс-шара.



