Қарағанды облысында көмір өндіру көлемі 15 пайызға артқан

Бүгін, 15:36
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views37
Қарағанды облысында көмір өндіру көлемі 15 пайызға артқан
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевты қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму барысы баяндалды.

Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, барлық негізгі көрсеткіш бойынша тұрақты өсім байқалады. Биылғы сегіз айда облыста 3,2 триллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға артық. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібінің өңірлік жалпы өнімдегі үлесі артып келеді. Металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің өндіріс көлемі ұлғайды.

Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 644,7 миллиард теңгені құрап, 11,1 пайызға өсті. Биыл жалпы құны 195 миллиард теңге болатын 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 2 700-ден астам жаңа жұмыс орны пайда болады. 2030 жылға дейінгі жоспарда құны 4,5 триллион теңгені құрайтын 120 ірі жобаның пулы жасақталды. Бұл бастамалар 20 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін азайтуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатқаны жөнінде айтылды. Ауыл шаруашылығында ірі жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, екі ірі тауарлы сүт фермасының құрылысы аяқталған соң, өңірдің сүтке деген сұранысы толық қамтамасыз етіледі.

Мемлекет басшысына Qarmet АҚ қызметі туралы ақпарат берілді. Компания сегіз айдың ішінде өндірісті жаңғыртуға 110 миллиард теңге инвестиция салған. Нәтижесінде шойын өндіру – 6 пайызға, болат – 6,9 пайызға, илемдеу 5 пайызға артқан. Металлургия комбинатында жаңа коксты батареялар, құю-илемдеу кешені, сұрыптап илемдеу цехы секілді ауқымды жобалар қолға алынған. Сондай-ақ кәсіпорын біртіндеп табиғи газға көшуде, алғашқы кезең толық аяқталды. Шахталардағы жағдай да оң нәтиже көрсете бастады: көмір өндіру көлемі 15 пайызға артқан. Еңбек қауіпсіздігін күшейтуге арналған іс-шаралар қолға алынған.

Кездесу соңында Президент өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев қалалар мен елді мекендерді жылумен тұрақты қамту мәселелерін ерекше назарға алу, сондай-ақ Qarmet АҚ кәсіпорнындағы өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін жүктеді.