AGRICOM 2025: Астанада халықаралық астық конференциясы өтті

Астана қаласында AGRICOM 2025 халықаралық астық конференциясы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конференцияға 300-ден аса қатысушы жиналды. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Қытай, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан, Еуропа елдері және басқа да өңірлерден келген астық бизнесінің өкілдері, сауда үйлерінің, талдау, логистикалық орталықтардың, аграрлық компаниялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері болды.
«Жыл сайынғы Астанада өтетін AGRICOM 2025 халықаралық конференциясы Қазақстанның, ТМД елдерінің және әлемнің астық пен агро азық-түлік нарықтарының үрдістері мен келешегін талқылауға бағытталған тиімді алаңға айналды», - делінген министрліктің хабарламасында.
Конференцияда Қазақстан және Ресейдегі астық түсімі мен сапасына қатысты болжамдар, ішкі және экспорттық нарықтағы жағдай, баға үрдістері, сондай-ақ астықты терең өңдеу әлеуеті мен жаңа өнім келісімшарттарына байланысты өзекті мәселелер талқыланды. Инвестиция, агротехнологиялар, цифрландыру және АӨК-тегі орнықты даму тақырыптары да сөз болды.
Сонымен қатар конференцияда қазақстандық астықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экспорттық ұстанымдарды нығайту және отандық өнімді сыртқы нарықтарға ілгерілетуде зор рөл атқаратын көлік-логистикалық инфрақұрылымын нығайтуға баса көңіл бөлінді.
AGRICOM 2025 аясында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жаңа келісімшарттар жасауға бағытталған панельдік сессиялар, сараптамалық пікірталастар мен іскерлік кездесулер де ұйымдастырылды.
AGRICOM бизнесті, ғылымды және елдерді ашық диалог пен бірлескен шешімдер іздеу жолында біріктіре отырып, Қазақстанның әлемдік астық нарығындағы жетекші қатысушысының бірі ретінде ықпалын нығайта түспек.