Қазақстанда кімдер 15 миллион теңгеден астам жалақы алады

Бүгін, 13:21
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views43
Қазақстанда кімдер 15 миллион теңгеден астам жалақы алады
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен

Finprom Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйене отырып, 2024 жылғы ең жоғары номиналды жалақысы бар топ-30 кәсіптің рейтингін жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Алғашқы ондыққа 8 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейінгі жалақы алатын мамандықтар кірді. Алайда мұндай жалақы алатындардың тізімінде бірде-бір шенеунік болмады, тек бір басшы ғана енген. Ал қалғандары - профильдік мамандар. Көш басында 15,5 млн теңге алатын бақытты адам электр машиналарын, аппараттар мен аспаптарды сынаумен айналысатын маман болып шықты. Оның рейтингтегі «көршісі» болып 15,3 млн теңге табысы бар инженерлік психология бойынша сарапшы тұрақтады. Осындай жалақы алу үшін не істеу керек? Мұндай бірегей маман техникалық жүйелерді, жабдықтар мен интерфейстерді жобалау, әзірлеу және пайдалану процестерін оңтайландыру үшін психологиялық білімі мен әдістерін қолданады. Ал егер инженер-энергоменеджер лауазымына орналассаңыз, шамамен 14 миллион теңге табуға болады.

Былтыр ең көп жалақы төленетін кәсіптердің ішінде тәжірбиелі кәсіби мамандар басшылық қызметтегілерден көп болды. Үлкен тәжірибесі бар жоғары білікті техниктер кейбір басшыларға қарағанда көбірек ақша табады. ҰСБ деректеріне сәйкес, жекелеген компаниялар техникалық сапа бақылаушыларына 6,7 млн теңге, ал құрылыстағы инженерлерге 5,6 млн теңге төлеуге дайын. Топ-30-дағы соңғы бестікті бөлімшелер мен жекелеген объектілердің бастықтары иеленді: оларға 4,7 млн-нан 5,6 млн теңгеге дейін жалақы төленеді.

Рекрутингтік алаңдардың ашық мәліметтеріне сүйенсек, еңбек нарығы бүгінде жоғарыда аталған жоғары жалақыны ұсынбайды. Расында, жұмысы осындай мөлшерде бағаланатын мамандарды ешкім интернеттен іздемейтіні белгілі. Оларды басқа компаниялардан «сатып алуы» мүмкін немесе мекеменің өз ішінен перспективалы қызметкерлердің арасынан осындай жоғары жалақыға лайық мамандар шығады. Порталдағы ұсыныстарды талдауға назар аударсақ, Hh.kz-да бос жұмыс орындарындағы жалақы шегі - 3-3, 5 млн тг. Бір ескерерлігі, бұл - тұрақты жалақы емес, қызметкер бұл табысты белгілі бір келісімшарттар жасалса, сату жоспары орындалса ғана ала алады. Сайттағы ең жоғары жалақысы бар жұмыс орындарына жылжымайтын мүлік, өңдеу өнеркәсібі және сату салалары жатады.