Аида Балаева: Елімізде 49 ескерткіш заң талаптарын сақтамай орнатылған

Бүгін, 14:00
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views70
Аида Балаева: Елімізде 49 ескерткіш заң талаптарын сақтамай орнатылған
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен

Соңғы бес жылда еліміздің 10 өңірінде 49 ескерткіш заң талаптарын сақтамай орнатылған. Ең көп заңсыз орнатылған тас мүсіндер Түркістан мен Қостанай облыстарында тіркелген. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

 

«Жуырда аса көрнекті мәдениет және өнер қайраткері, біртуар композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай туған жері — Алматы облысындағы Өтеген батыр ауылында ұлы тұлғаның ескерткіші бой көтеріп, жаңа мәдениет үйі ашылды. Салтанатты іс-шара барысында Мемлекет басшысы өзінің құттықтау сөзінде Нұрғиса Тілендиевтің тұғырлы ескерткіші халқымыздың әйгілі тұлғаға деген айрықша құрметі мен ыстық ықыласының белгісі екенін атап өтті. Нұрғиса ағаның ескерткіші жоғары көркемдік талғаммен жасалып, ерекше үйлесім тапқан», - деп жазды А. Балаева.

Министр жазбада еліміздегі ескерткіш орнату мәселесіне тоқтала кетті.

«Әрине, тарихта есімі қалған тұлғаларды ұлықтау өте маңызды. Алайда екерткіш орнату үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өкінішке қарай, елімізде ескерткіштерді заңсыз орнату фактілері жиі кездесіп отыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі жүргізген талдауға сәйкес, соңғы бес жылда еліміздің 10 өңірінде 49 ескерткіш заң талаптарын сақтамай орнатылған. Ең көп заңсыз орнатылған ескерткіштер Түркістан (17) және Қостанай (15) облыстарында тіркелген», - деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, тіпті республикалық комиссия қолдамаған жобалар да өз бетімен орнатылып кеткен. Кейбір ескерткіштер жеке меншік аумақтарға қойылып, кейде ескерткіш пен шағын архитектуралық нысанның айырмасы да мүлде ескерілмей жатады.

«Сондықтан ескерткіш орнату — тек ықылас пен ниет емес, ең алдымен тәртіп пен жауапкершілік екенін ескеру керек. Әсіресе, игі ниетпен қолдау білдіріп жүрген демеушілер, меценаттар бұл мәселені ұдайы назарда ұстаса дейміз. Ал жергілікті атқарушы органдар заңсыздыққа жол бермей, қатаң бақылауға алуы керек», - деді министр.

А. Балаева өз сөзінде ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңға сәйкес, әрбір жаңа ескерткіш монументалды өнер құрылыстарын орнату жұмыстарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асыратынын жеткізді. Ол монументалды өнер құрылыстарын орнату тәртібі министрлік қағидалармен реттелгенін, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте монументалды өнер нысандарын орнату ережесін бұзғандарға айыппұл қарастырылғанын айтты.

«Нақтырақ айтқанда, жеке тұлғаларға — он, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш көлемінде, сондай-ақ жүргізіліп жатқан жұмыстарды уақытша тоқтату қарастырылған. Кей жағдайларда ескерткіштер жеке меншік аумақтарға орнатылып, қоғамдық кеңістіктің эстетикалық келбеті ескерілмей жатады. Мұның бәрі түптеп келгенде тарихи тұлғаларға деген құрметтің лайықты деңгейде көрініс табуына кері әсерін тигізеді. Тарихқа адалдық тәртіптен басталады. Өйткені, ескерткіш — бұл тек өткенге құрмет белгісі ғана емес, сонымен бірге келер ұрпаққа деген ортақ аманатымыз», - деп жазды министр.

Еске сала кетейік, Қостанайда Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай ескерткіш ашылды.