Астанада «Риголетто» спектаклінің премьерасы аншлагпен өтті

«Астана Опера» театрында Дж.Вердидің «Риголетто» спектаклінің премьерасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Спектакль қалың көрермен жинап, өнер сүйер қауымның толассыз қошеметіне бөленді.
Маэстро Алан Бөрібаев пен француз режиссері Арно Бернар сахналаған қойылым көрерменді терең ойға жетеледі. Режиссер образдарды өзінше ашып, құмарлықты шебер жеткізген. Алан Бөрібаев пен оркестр Дж.Верди партитурасының барлық драмалық бояуын аша білді.
Танымал орындаушылар осынау музыкалық-драмалық оқиғаның ортасында жүрді. Сайқымазақ Риголеттоның шарасыз бейнесін Талғат Мұсабаев шебер сомдады. Нәзік әрі өжет Джильданы Юлия Засимова орындады. Зұлым Мантуя герцогының бейнесін Жан Тапин шынайы ойнап шықты.
Риккардо Масиронидің декорациялары спектакльге жарасымды әрі символдық реңк берді, ал Анна Верденің костюмдері кейіпкерлердің ішкі әлемін керемет сипаттады. Театрдың бас хормейстері Ержан Дәуітов дайындаған театр хоры қойылымның драмалық тұсы мен ауқымдылығын күшейтті.
Айта кетейік, «Риголеттоны» 4-5 қазанда қайта көруге болады. Бұл күндері спектакльге Оңтүстік Кореядан шақырылған баритон Чжунхек Феликс Пак, сондай-ақ театрдың жетекші солистері Салтанат Ахметова, Лейла Аламанова, Артур Ғабдиев және тағы басқалары қосылады.



