Биыл автопарк 300 жаңа автобуспен толықтырылады – Жеңіс Қасымбек

Бүгін, 15:00
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
views58
Биыл автопарк 300 жаңа автобуспен толықтырылады – Жеңіс Қасымбек
Фото: Instagram/jenis_qasymbek

Елордада ескі автобустар кезең-кезеңімен ауыстырылады.  Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі – қоғамдық көлікті дамыту. Биыл қалалық автопарк 300 жаңа автобуспен толықтырылады. Оның ішінде 118 автобус қазірдің өзінде қалаға жеткізіліп, желіге шығаруға дайындық жұмысы жүріп жатыр. Қалған 182 автобус қалаға алдағы 3-4 айда жеткізіледі. Бұдан бөлек, жеке автопарктер де өз қаражаты есебінен көлік құрамын жаңарту жұмысын жүргізіп жатыр», - деді әкім.


Жаңа автобустар желідегі көлік санын арттыруға мүмкіндік береді, соның нәтижесінде аялдамада күту уақыты қысқарады, жаңа бағыттар ашылып, ескі автобустар кезең-кезеңімен ауыстырылады. Қалаға 2023-2024 жылдары 700-ден аса автобус жеткізілді.

«Өздеріңіз білетіндей, LRT жобасын іске асыру жұмысы жалғасып жатыр, қазірдің өзінде сынақтық іске қосу жұмысы басталып кетті. Сондай-ақ, жолдар мен жол айрықтарын салу және жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары елордада екі көпір пайдалануға берілді. Аталған жұмыстың барлығы алдағы уақытта да жалғасын табады», - деді Жеңіс Қасымбек.