Елордадағы оқу орнында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында шығармашылық байқау өтті

Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Астана қаласы әкімдігінің Технологиялық колледжінде алғаш рет ерекше форматтағы шығармашылық байқау өтті. Студенттер кәсіптік-техникалық мамандықтардың маңызы мен мәртебесін насихаттайтын бейнероликтер әзірледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Колледж директоры Ляззат Разбекованың айтуынша, байқаудың басты мақсаты – заманауи тәсіл арқылы жұмысшы мамандықтарының құндылығын көрсету және жастардың кәсіби дағдыларды меңгеруге деген қызығушылығын арттыру.
«Бүгінде жұмысшы мамандықтары жаңа деңгейге көтерілуде. Біздің студенттер тек теорияны меңгеріп қана қоймай, табысты мансапқа жол ашатын сұранысқа ие құзыреттерді де игеріп жатыр. Әлеуметтік желідегі бейнероликтер байқауы мамандықтарды шығармашылық тұрғыдан насихаттауға және жастарға жақын әлеуметтік желілер арқылы еңбектің қадірін жеткізуге мүмкіндік берді», – деді Ляззат Разбекова.
Оның айтуынша, бастама студенттер арасында зор қызығушылық тудырған. Қатысушылар өздерінің болашақ мамандығы туралы бейнероликтер түсіріп, жетістіктерімен бөлісіп, оқу барысындағы тәжірибелік сабақтарын көрсетті, тіпті қатарластарына мамандық таңдауға қатысты кеңестер де берді.
Ең үздік жұмыстар колледждің ресми әлеуметтік желілерінде жарияланатын болады. Осы арқылы оқырмандар студенттердің дәріс пен тәжірибе сабақтарынан тыс уақытта да өз ісіне деген қызығушылығын, белсенділігін және пайдалы болуға деген талпынысын көре алады. Шығармашылық сайысқа барлығы 50-ден астам қатысушы өз бақтарын сынады.
«Мұндай жобалар студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытып қана қоймай, еңбек адамына деген құрметті қалыптастырады. Себебі дәл осы жұмысшы мамандардың еңбегі арқылы қаланың да, елдің де экономикасы дамып келеді», – деп атап өтті колледж директоры.
Технологиялық колледж алдағы уақытта да осындай бастамаларды жалғастырып, іс-шаралардың аясын кеңейтіп, студенттерге өзін-өзі танытуға және дамытуға жаңа мүмкіндіктер ұсынуды жоспарлап отыр.