Дәрігерлерді баспанамен қамту – министр жауабы

Бүгін, 14:21
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views67
Дәрігерлерді баспанамен қамту  – министр жауабы
Фото: видеодан скриншот

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысынан кейінгі брифингте өңірлерде медицина мамандарын баспанамен қамту қалай жүргізілетінін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Біз бұл жұмыстарды әкімдіктермен бірлесіп жүргіземіз. Бүгінде заң аясында жеңілдетілген несиелер бар. Бұл дегеніміз қайтарылатын қаражат, бірақ төмен пайызбен қарастырылады. Екіншісі – өңірлердегі аса тапшы мамандықтар бойынша жұмыс істейтін дәрігерлерді және жалпы медицина мамандарын қызметтік баспанамен қамтамасыз ету. Үшінші бағыт – «Отбасы банк» арқылы жалға алу баспанасы. Яғни уақыт өте келе, баспананы жекешелендіруге мүмкіндік болады», - деп жауап берді Ақмарал Әлназарова журналистердің сұрағына.

Сонымен қатар министр бұл жаңа бағдарлама емес, медицина қызметкерлерін қолдауға арналған мақсатты бағыт екенін атап өтті.

Естеріңізге салсақ, 2025 жылдың 9 қыркүйегінде өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова тапшы медициналық мамандықтар бойынша дәрігерлерді ынталандыруға бағытталған жоспарланған шаралар туралы айтқан болатын.

«Мемлекет басшысының Жолдауындағы дәрігерлердің мәртебесін және әлеуметтік жағдайын арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында министрлік облыс әкімдеріне «Отбасы банкімен» бірлесіп, 2026 жылы кадр тапшылығы ерекше сезілетін өңірлерде аса тапшы мамандықтар бойынша жұмыс істейтін дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсыруды ұсыны отыр», - деген болатын А.Әлназарова 9 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында.