«Сүйінші!»: Аймағамбетов ұстаздарға қуанышты жаңалық айтты

«Сүйінші!»: Аймағамбетов ұстаздарға қуанышты жаңалық айтты
Фото: Бақытжан Отарбаева

Аймағамбетов ұстаздардың кәсібиі мерекесі қарсаңында ұстаздарды қорғайтын жаңа заң дайын екенін айтып, сүйінші сұрады. Сөзінше, енді мұғалім мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы болмауы керек. 

"Оның басты жұмысы – баланы оқыту. Бұл туралы Мемлекет басшысы тағы да баса айтты. Біз, депутаттар, «Педагог мәртебесі туралы» заңға түзетулер әзірлеп, Үкіметке жолдадық. Мұғалімдер үшін қандай өзгерістер бар? Қайталанатын есепке – тоқтау. Қағаз ба, цифр ма – біреуін ғана толтыру. Сонымен қатар «Бір рет бір жүйеге енгіздің бе – жетеді»: Күнделік немесе НОБД немесе Bilimland-тің біреуіне ғана енгізілген дерек бірнеше жүйеде қайталанбауы тиіс. Мұғалімді пост жазуға немесе блог жүргізуге мәжбүрлеуге болмайды. Бұл – тек еркімен. Чаттар мен хабарламалар – тек ресми LMS жүйелері мен электронды поштада. Мұғалім тәулік бойы чаттарда арпалысып отыратын модератор емес", - деп жазды Аймағамбетов желідегі парақшасында.

Енді мектептен тыс жағдайға мұғалім жауап бермейді.

"Ол күзетші де, детектив те емес. Бұған қоса, біз «Мұғалімге тән емес функциялар» деген түсінікті заңда алғаш рет анық жаздық. Сонда нақты қорғану оңайырақ болады. Ол – заңдар мен еңбек туралы келісімшартта көрсетілмеген жұмыстың бәрі. Мектеп пен ата-ана арасындағы келісімнің мәртебесі күшейеді. Тәрбие – ортақ іс. Бар ауыртпалық мұғалімге ғана түспеуі тиіс. Енді ата-аналар мен мектеп осы келісімшартты қатаң ұстануға міндетті болады. Педагог мәртебесін бұзу үшін айыппұлдар күрт өседі. Бұған қоса, заңға мұғалімге психологиялық пен физикалық зорлық-зомбылыққа – мүлдем жол берілмейді деген норма енгіздік", - деп жазды депутат.