Мектептерде бейіндік сыныптар ашылып жатыр – министрлік

Бүгін, 10:58
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views52
Мектептерде бейіндік сыныптар ашылып жатыр – министрлік
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Жұмысшы мамандықтары жылында орта білім беру ұйымдарында 1000 бейіндік сынып құру жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Аталған бастама аясында жалпы саны 31 000-нан астам оқушы кәсіби дағдымен қамтылмақ.

Мұндағы мақсат – мектеп оқушыларының еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарына ерте бейімделуін қамтамасыз ету, олардың кәсіби бағдарын жүйелі түрде қалыптастыру және техникалық-кәсіптік білімге қызығушылығын арттыру.

Осыған орай қазақстандық мектептерде 2025-2026 оқу жылында техникалық және инженерлік, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ауыл шаруашылығы және экология, көлік және логистика, қызмет көрсету саласы, шығармашылық және мәдениет, медицина және әлеуметтік қызмет көрсету бағыттары бойынша бейіндік сыныптар ашылады.

Бейіндік сыныптар 9, 10, 11-сынып оқушыларына арналып, өңірдегі жұмысшы мамандықтар немесе өзге де салалар бойынша кадр тапшылығын айқындайтын әрі сол мамандықтарға бағыттайтын бейіндік мазмұнда жұмыс істейді. Бұл процеске өңірдегі жоғары оқу орындары, колледждер және жұмыс берушілер де атсалысады.

Айта кетейік, бейіндік сыныптардың бағытын оқу жылы ішінде екі рет өзгертуге болады.