Кондиционері, тоңазытқыштары бар: «Астана – Орал» бағытында жаңа вагондар қатынай бастады

«Сары-Арқа компани» жекеменшік теміржол тасымалдаушысы вагон паркін жаңартуды жалғастырып, желіге жаңа үш плацкарт вагон шығарды, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа вагондар заманауи жабдықтармен ерекшеленеді. Олардың ішінде кондиционерлер, тоңазытқыштар, арнайы пештер, розеткалар мен гаджеттерді қуаттауға арналған USB-ұяшықтар орнатылған. Қауіпсіздік үшін бейнебақылау камералары мен 4G-модемдер қойылған, ал қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында жолаушыларға QR арқылы пікір қалдыру жүйесі енгізілген.
«Бүгінде компанияның 23 вагоны бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, бұл «Астана – Орал» бағыты бойынша сапарларды қауіпсіз әрі жайлы етеді», - делінген министрліктің хабарламасында.
Белгілі болғандай, тасымалдаушы бұған дейін ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған арнайы вагонды іске қосқан.