Астанадан әскерге шақырылған жастар Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатарына аттанды

Бүгін, 14:38
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views67
Астанадан әскерге шақырылған жастар Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатарына аттанды
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

2025 жылғы күзгі шақыру науқаны аясында Астана қаласының жиын пунктінен 40 жас сарбаздан құралған команда Алматы қаласында орналасқан десантшылар бөліміне мерзімді әскери қызмет атқаруға жөнелтілді, деп хабарлады Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жастарды салтанатты түрде шығарып салуға қала әкімдігінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер, сондай-ақ шақырылушылардың туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Болашақ десантшыларды құттықтаған Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі, запастағы полковник Ғани Артықов жастарға ақ жол тіледі.

«Десанттық-шабуылдау әскерлері қатарында қызмет ету – әскери борышты өтеу ғана емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен айрықша мәртебе. Мұндай элиталық бөлімшелерге тек дене даярлығы мықты, тәртіпті және ынталы жастар ғана іріктеледі. Көптеген жастар үшін бұл – ерлік мектебі, шынығу мен нағыз отаншылдықты бойға сіңіретін өмірлік сабақ», – деді ол.

Әскер қатарында жас сарбаздар сұранысқа ие әскери-есептік мамандықтарды меңгеріп, армияда да, азаматтық өмірде де қажет болатын білім мен дағдыларды игереді.

Шақырылушыларды шығарып салушылардың арасында Алтай Айбаровты қолдау үшін отбасымен бірге келген Лола Айтмағамбетова да бар.

«Екі ұлым да Десанттық-шабуылдау әскерлері қатарында қызмет етті. Олар бұл өмір кезеңін әлі күнге дейін мақтанышпен еске алады. Айбар да өзін лайықты көрсетіп, борышын адал атқарып, ер жетіп оралады деп сенемін», – деді ол.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы күзгі шақыру науқанының жоспарына сәйкес, Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға 22 мыңнан аса жас азамат шақырылады. Олардың қатарында 1 200-ден аса елордалық жас бар.