Қарағанды облысында заңсыз аңшылықпен айналысқан күдікті ұсталды

Бүгін, 14:20
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views61
Қарағанды облысында заңсыз аңшылықпен айналысқан күдікті ұсталды
Фото: ҚР Ішкі істер министрлігі

Қарағандыда полицейлер мен табиғат қорғаушылары заңсыз аңшылықпен айналысқан күдіктіні ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды облысында табиғатты қорғау полициясы мен «Карохотрыбпром» ЖШС қорықшыларының бірлескен түнгі рейді барысында заңсыз аңшылық дерегі анықталды. Түнгі сағат 2-лер шамасында жүргізілген шара кезінде киік атқан екі азамат ұсталды.

Тексеру барысында олардың Қарағанды қаласының 48 және 40 жастағы тұрғындары екені анықталды. Белгілі болғандай, ер адамдар бір ғана аңшылық лицензиясын рәсімдегенімен, оны қорықшыларға тіркетпей, заңда белгіленген тәртіпті бұзған.

«Бұл аңшылық ережелерінің бұзылғанын растайды, себебі лицензияны тіркеу аң аулау квоталарының сақталуын бақылауға және жануарларды заңсыз атуға жол бермеуге бағытталған», - делінген хабарламада.

Оқиға орнын қарау барысында екі киіктің өлексесі, бір ұңғылы мылтық және бірнеше патрон айғақ зат ретінде тәркіленді. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.