«Дорстройтрест»: Астанада көппәтерлі тұрғын үйдің ақшасын заңсыз иемденген ЖШС басшысы сотталды

Астанада көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын қаржыландыруға бөлінген бюджет қаражатын иемдену және талан-таражға салу фактісі бойынша «Дорстройтрест» ЖШС басшысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеуді ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті жүргізді.
Естеріңізге салсақ, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен «Дорстройтрест» ЖШС арасында құрылысқа инвестиция тарту туралы шарт жасалып, соның аясында мердігерге 2,6 млрд теңге аванс аударылған.
Алайда тиісті талаптарға сәйкес жүргізілмеген құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталмаған. Аванстың едәуір бөлігі құрылысқа қатысы жоқ қарыздарды өтеуге және автокөлік сатып алуға жұмсалған.
Бұдан бөлек, 650 млн теңге жалған шарттар арқылы аффилирленген компаниялардың шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
«Сот үкімімен «Дорстройтрест» ЖШС басшысы Ерден Нұрабаев кінәлі деп танылып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ сот шешімімен жалпы құны 131 млн теңге болатын мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді», - делінген ҚМА хабарламасында.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның бұрынғы басқарушы директоры халықаралық іздеуде.



