Тұтынушылар құқығы: Таразда жанармай бекетіне айыппұл салынды

Бүгін, 17:22
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views62
Тұтынушылар құқығы: Таразда жанармай бекетіне айыппұл салынды
Фото: СИМ

Тараз қаласында тұтынушы құқығы бұзылып, жанармай бекетінің біріне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл туралы Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қала тұрғыны жанармай бекетінен жанар-жағармай сатып алмақ болғанда тұтынушыларға арналған міндетті ақпараттың жоқ екенін анықтап, бұл жайлы ҚР СИМ аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағым түсірген. Ол бекет пен кеңсе аумағындағы ақпараттың жоқтығын растайтын фотосуреттерді де ұсынған.

«Департамент мамандары тексеру жүргізіп, бұл деректерді растады. Сонымен қатар қосымша бірнеше заң бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, тұтынушыны қазақ және орыс тілдерінде ақпараттандыру болмаған, сатушының аты-жөні көрсетілген бейджі жоқ, бақылау чегін алу қажеттігі туралы ескерту де орналастырылмаған», - делінген СИМ хабарламасында.

Тексеру нәтижесінде кәсіпкерге 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Егер бұл талап орындалмаса, 100 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда бұл бекет аумағында барлық заңға сай ақпарат көзге көрінетін жерде орналастырылған.