Елордада көші-қон ісімен заңсыз айналысқан екі тұрғын сотталды

Бүгін, 17:41
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views59
Елордада көші-қон ісімен заңсыз айналысқан екі тұрғын сотталды
Фото: Freepik,com

Сот үкімімен елорданың екі тұрғыны шетел азаматтарының заңсыз көші-қонын ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Сотталғандар пайдакүнемдік ниетпен әрекет етіп, Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарына жалған құжаттар мен көрінеу жалған мәліметтерді ұсынып, соның негізінде шетел азаматтарына заңсыз түрде тұрақты тұруға рұқсат берілгені анықталды.Олар бұл заңсыз әрекеттері үшін мүдделі тұлғалардан ақшалай сыйақы алып отырған», - деп жазылған хабарламада.

Сот отырысында сотталушылар өздеріне тағылған айыпты толық мойындады. Барлық мән-жайларды ескере отырып, сот оларға тиісінше 1 жыл 6 ай және 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Мемлекет кірісіне заңсыз алынған жалпы сомасы 100 мың АҚШ доллары, 2,5 млн теңге және 200 мың ресей рублі өндірілді.

Астана қаласының прокуратурасы заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны үшін мүлкі тәркіленіп 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасының көзделгенін еске салады.