Астанада жаңа телефонды мекенжайға жеткізбей, сатып жіберген такси жүргізушісі ұсталды

Елорда тұрғыны өз ұлына сыйлық ретінде Айфон 16 Про ұялы телефонын сатып алып, оны жеткізіп беру үшін такси жүргізушісіне сеніп тапсырған. Алайда күдікті 32 жастағы такси жүргізушісі телефон қорабын ашып, смартфонды өз пайдасына жаратып, басқа адамға сатып жіберген, деп хабарлады Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы дерек бойынша жедел-іздестіру шаралары барысында Астанадағы «Сарыарқа» аудандық криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«Астана қалалық полиция департаменті азаматтарға бейтаныс адамдарға қымбат бағалы заттарды сеніп тапсыра бермеуді ескертеді. Құнды тауарларды тек ресми жеткізу қызметтері арқылы немесе жеке бақылаумен беру ұсынылады», - делінген хабарламада.



