Мұғалімдер күніне орай астаналық ұстаздар алғыс хаттармен марапатталды

Астанадағы №103 «Келешек» мектебінде мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz AMANAT партиясының Астана қалалық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараны партияның Астана қалалық филиалы мен Есіл ауданы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.
Жиынға Астана қаласы Есіл ауданының әкімі Дәрменияр Қыдырбекұлы, «AMANAT» партиясы Есіл аудандық филиалының төрайымы Санира Жүсіпова сондай-ақ ұстаздар қауымы мен ата-аналар қатысты.
«Ұстаз болу – үлкен жауапкершілік пен жанашырлықты қажет ететін қасиетті мамандық. Сіздердің еңбектеріңіз арқылы болашақ ұрпақ қалыптасады. Бүгінгі іс-шара – қоғамдағы ұстаз мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам», - деді Есіл ауданының әкімі Дәрменияр Қыдырбекұлы өз құттықтау сөзінде.
Іс-шара аясында партия қатарына 100-ден астам ұстаз салтанатты түрде қабылданды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысқан 5 мектептің әрқайсысына 50 ағаш егуге арналған сертификаттар табысталды. Бұл ағаштар «Таза бейсенбі» жалпықалалық экоакциясы аясында мектеп ауласында отырғызылады.
«AMANAT» партиясы үшін білім саласы – басым бағыттардың бірі. Ұстаздарды қолдау, олардың әлеуетін арттыруға жағдай жасау – партиямыздың күн тәртібіндегі маңызды міндет. Партия қатарына қосылып жатқан мұғалімдер бұл ортаға жаңа серпін әкеледі», - деп атап өтті «AMANAT» партиясы Есіл аудандық филиалының төрайымы Санира Жүсіпова.
Мерекелік концертпен басталған іс-шара аясында ауданның үздік мұғалімдері марапатталды және оларға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.
«Осындай мерейлі сәтте білім саласындағы еңбегіміз еленіп, ел алдында құрметке бөлену – үлкен мотивация. Бұл тек ұстаздарға ғана емес, оқушыларға да тәрбие мен үлгі», - деді №103 мектептің директоры Жанат Айтова.



