«Ustaz Space: Ұстаздыққа құрмет»: елордалық мектепте ерекше іс-шара өтті

Астана қаласындағы №111 жалпы орта білім беретін мектеп қабырғасында ерекше форматтағы рухани-патриоттық іс-шара – «Ustaz Space: Ұстаздыққа құрмет» атты республикалық жиын өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл жоба педагог мәртебесін жаңа деңгейде көрсетіп қана қоймай, ұстаздар қауымының кәсіби рухын нығайтатын, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беруді көздеген тың тәжірибе ретінде танылды.
Іс-шараның басты идеясы – ұстаздың қоғамдағы биік орнын нақты мысалмен көрсету, жастарға өнегелі тұлғаларды үлгі ету, сондай-ақ қазіргі білім беру үдерісінде рухани-адамгершілік құндылықтарды қайта жаңғырту.
Шараға сенатор Нұртөре Жүсіп, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған республикаға белгілі ұстаздар Эльмара Траисова, Алма Шүкіжанова, Алина Соловьева арнайы шақырылып, жас педагогтермен, оқушылармен және білім саласының өкілдерімен ашық диалог форматында жүздесті. Олардың өмірлік тәжірибесі – педагогикалық еңбектің шынайы үлгісі, ел болашағына сіңірілген адал қызметтің нақты көрінісі болды.
«Бұл – жай ғана мереке емес, болашаққа салынған рухани көпір. Ustaz Space – ұстаздың тұлғалық дамуы мен қоғамдағы беделін көтерудің жаңа форматы. Біз ұлағатты мұра мен жаңашыл идеяны қатар ұштастыра білсек – нағыз жаңғыру осы болмақ», - деді мектеп директоры Данара Жомартова.
Көркемдік жетекші Ж.Әбдікәрім дайындаған «Білім шамшырағы» атты әдеби-композициялық қойылым сахнада ғана емес, көрермен жүрегінде де терең ой тудырды. Қойылымда қазақ ағартушыларының идеялары, қазіргі заман педагогикасының сипаты мен жас ұрпақ алдындағы ұстаз жауапкершілігі бейнеленді.
Іс-шара аясында алғаш рет шырқалған «Келешек мектебінің» гимні – болашаққа бағдарланған рухани-танымдық қадам. Бұл гимн ұстаз бен оқушының ортақ құндылығын дәріптейтін жаңа ұрпақ әнұраны іспетті.
Сонымен қатар «Ұлағатты жол», «Алтын тұлғалар», «Заманауи педагогика» атты бұрыштарда қазақ ағартушылық тарихының алтын парақтары мен бүгінгі жаңашыл ұстаздардың жетістіктері ұштастырылып, келушілерге терең танымдық мазмұн ұсынылды. Бұл бұрыштар Ыбырай Алтынсарин бастаған ұстаздық жолдың сабақтастығын нақты дәлелдеді.



