«Өңірлердің дамуына серпін береді»: «Астана – Ырғыз» автожолының құрылысы талқыланды

Астана мен Ырғыз ауылы арасындағы арақашықтық 573 шақырымға қысқарады. Бұл жүктерді жеткізу жылдамдығын арттырып, тасымал шығындарын азайтуға, сонымен қатар жаңа мүмкіндіктердің ашылуына ықпал етеді, деп хабарлады Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Астана – Ырғыз» автомобиль жолының құрылысы еліміздің транзиттік әлеуетін дамытудың негізгі кезеңі болмақ. Аталған жол құрылысы Қостанай облысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев пен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың, мердігер ұйымдардың өкілдері және жобалаушы инженерлердің қатысуымен өткен жиында талқыланды.
Бұл жоба стратегиялық маңызға ие. Себебі ол Транскаспий халықаралық көлік маршрутына тікелей шығуды қамтамасыз етіп, Қазақстанның орталық және батыс өңірлері арасындағы көлік байланысын нығайтпақ.
Сарапшылардың сөзінше, жобаны жүзеге асыру еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық тасымалдаудағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Сонымен қатар жол еліміздің «оңтүстік қақпасы» саналатын Қорғастан Ақтау теңіз портына дейінгі маңызды бағытты қалыптастыратын болады.
Осы жоба аясында Астана мен Ырғыз ауылы арасындағы арақашықтық 573 шақырымға қысқарады. Бұл жүктерді жеткізу жылдамдығын арттырып, тасымал шығындарын азайтуға, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктердің ашылуына ықпал етеді. Жолдың бойында құрылыс пен пайдалану кезеңдерінде жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін бермек.
«Астана – Ырғыз» автожолының құрылысы бұл жай ғана көлік жобасы емес, бұл – өңірлердің орнықты дамуының, Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтудың және еліміздің халықаралық логистикалық рөлін арттырудың негізі. Бұл бағыт өңірлерді біріктіретін стратегиялық артерияға айналып, экономика мен халық үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Естеріңізге салсақ, «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағыты бойынша автожолдың құрылысы мен қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы наурызда өткен Ұлттық құрылтай отырысында құзырлы органдарға тапсырма болатын.