Әйелдердің жүктілігіне дайындығына биыл 5 млрд теңге бөлінді – министр

Бүгін, 13:40
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views73
Әйелдердің жүктілігіне дайындығына биыл 5 млрд теңге бөлінді – министр
Фото: видеодан скриншот

Аналардың жүктілікке дайындығына биыл бюджеттен 5 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Ана мен бала өмірі – бұл стратегиялық бағыт. Кез келген мемлекет денсаулық сақтау саласының дамуын бірінші кезекте осы көрсеткішпен бағалайды десек, артық айтқандық емес. Ана мен сәби өмірі Мемлекет басшысының тарапынан да, Үкімет тарапынан да үнемі бақылауда. Ана өлімі көрсеткіші былтырмен салыстырғанда биыл төмендеді. Жыл сайын 10-15 пайыз төмендеу көрсеткішіне қол жеткізіп отырмыз. Әрине, бұл кездейсоқ мәселе емес. Мұның артында үлкен жұмыс тұр. Бұл әйелдердің жүктілік кезіндегі күтіміне, медициналық көмек алуына және кадрлар жұмысына байланысты», - деді министр.

Сонымен қатар министр Қазақстанда туу көрсеткіштерінің жоғарылауына байланысты соңғы 5 жыл ішінде перинаталдық орталықтардың құрылыс мәселесі де қолға алынып жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 12 перинаталдық орталықтың құжаттары әзірленіп жатыр. Астана қаласында перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізіліп жатса, жыл соңына дейін Шымкент пен Түркістан қалаларында перинаталдық орталықтардың құрылысы басталмақ.

«Кадр мәселесі бойынша айтар болсақ, бұл жердегі мәселе окушер-гинеколог, неанотологтардың тапшылығынан. 2024 жылы заң аясында тиісті қолдау шаралары, яғни әлеуметтік қолдау және шалғай елдімекендерге бару шаралары қолға алынды. Соның нәтижесінде былтырғымен салыстырғанда медициналық тапшылықтың 19 пайызға азаю тенденциясын көріп отырмыз. Соның ішінде ауылдық жерлерде 11 пайызға азайған. Осының бәрі оң әсерін тигізеді деп күтілуде, нәтижесін беріп те жатыр. Алайда өкінішке қарай ана өлімі әлі де тіркелуде. Бұл ретте осы мәселені түбегейлі шешуге бағытталған шараларды қабылдау үшін 2 айдан бері аудандық деңгейде перзентханалар бөлімшелерінің жұмысына сараптау жүргізіліп жатыр. Биылдан бастап аналардың денсаулығын күшейту үшін алғаш рет дайындық мәселесіне бюджеттен 5 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Бұл дегеніміз әйел адам жүктілікке дайындалу үшін тегін зерттеулерден өтеді, сонымен қатар қажет жағдайда сауықтырылады. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында кей өңірде тұрақтылық байқалады, кейбір өңірде төмендеу болса, кейбір өңірде әлі де ана өлімі тіркеліп жатыр. Сондықтан бұл кешенді жұмысты талап ететін бағыт», - деді Ақмарал Әлназарова журналистердің сұрағына.