«Кез келген сұраққа жауап береді»: Қазақстанда ақылды роботтар қолданысқа енгізіледі

Бүгін, 15:25
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views88
«Кез келген сұраққа жауап береді»: Қазақстанда ақылды роботтар қолданысқа енгізіледі
Фото: Ришат Иркабаев

«Инновациялар мен технологиялар: Астана азаматтық секторының болашағы» тақырыбында өткен ХІІ Азаматтық форумында Yandex Kazakhstan компаниясының GR директоры, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мейірбек Мұқатов Қазақстанда алдағы уақытта ақылды роботтар қолданысқа енгізілетінін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазіргі уақытта екі робот жобасы қарастырылып отыр. Оның біріншісі медициналық көмекке жүгіну бойынша. Яғни дәрігердің қабылдауына жазылмас бұрын кімге қаралуға болатынын роботпен кеңесіп алуға болады. Қай жеріңіз мазалап жүр, сол бойынша кімге қаралу керек, қандай талдау тапсыру қажет? Сонымен қатар дәрігер туралы да роботтан толық деректер сұрай аласыз. Екіншісі қазіргі қолданыстағы iKomek тәріздес. Яғни қала тіршілігіне қатысты кез келген сұрақты қоя аласыз. Мысалы, қаланың қай ауданынан пәтер жалдауға болады, оның ақысы қанша, жұмысқа орналасу бойынша қай жерге жүгінген жөн деген сияқты көптеген сұраққа екі тілде жауап бере алады. Кейстер беруі мүмкін. Бұл қолданыстағы роботтар сияқты тек инструкция берумен шектелмейді. Адамдар сияқты сәл ойланады. Егер күрделі сұрақ болса, жауап бере алмайтынын жеткізеді», - деді Мейірбек Мұқатов.

Оның сөзінше, бұл ақылды роботты әзірге Қостанай қаласының әуежайында қою бойынша талқыланып жатыр. Алдағы уақытта Астанада да қою жоспарда бар. 

Бұған дейін елордада шақырту бойынша келе жатқан жедел жәрдем бағытын Яндекс.Карта арқылы бақылауға болғанын жазған едік.