Астанада бүлдіршіндер арасында мәнерлеп оқу байқауы өтті

Бүгін, 18:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views37
Астанада бүлдіршіндер арасында мәнерлеп оқу байқауы өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанада мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Көркемсөз шебері» мәнерлеп оқу байқауының қалалық кезеңінің қорытындысы жарияланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы Бибігүл Төлегенова атындағы Creative мектебінде мемлекеттік және мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған жекеменшік балабақшалардың мектепалды даярлық топтарына арналған «Көркемсөз шебері» қалалық мәнерлеп оқу байқауының қалалық кезеңін өткізді.

Байқаудың мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балаларды көркем әдебиетпен таныстыру арқылы тіл байлығын арттыру, бейнелі әрі мәнерлі сөйлеуге дағдыландыру. Балалардың байланыстырып сөйлеу, мазмұнды ой жеткізу және сөйлеу шығармашылығын дамыту.

Байқаудың іріктеу кезеңінде 95 қатысушы болды. Қалалық кезеңге 61 қатысушы жолдама алды.

Қалалық кезеңде 56 қатысушы (мемлекеттік балабақша – 45, мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған жекеменшік балабақшалар – 11) бағын сынады. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар анықталды.

Байқаудың қалалық кезеңінде оза шауып, оқ бойы озық шыққан бүлдіршіндер де болды.

Атап айтсақ, мемлекеттік балабақшалар бойынша №27 «Балауса» балабақшасының тәрбиеленушісі Жанерке Серік А.Құнанбайұлының «Қыс» өлеңін мәнерлеп оқыды. Сол сияқты мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған жекеменшік балабақшалар бойынша «Нұрлы kids» балабақшасының тәрбиеленушісі Ханшайым Бейсен Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін өз нақышына келтіріп, дауыс мәнері, тіл тазалығы мен орындау шеберліктерін үйлестіре білді.

Аталған екі бүлдіршін Бас жүлде дипломы мен «Астана дарыны» орталығының кубогын иеленді.