Ел рекорды орнатылды: «Таза Қазақстан» акциясына 600 мыңнан аса адам қатысты

Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткен сенбілікке республика бойынша 610 мыңнан аса адам қатысып, нәтижесінде 90 мыңға жуық гектарға территория тазартылды, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінде аумақ ерекшеліктеріне қарай алма, қара мойыл, тал және ирга сияқты 180 мың түп ағаш түрлері отырғызылды.
«Біз, орманшылар, ағашты жыл сайын отырғызамыз, алайда бүгін бұл іске мыңдаған адамның қосылғанын көру – ерекше қуаныш. Мұндай акциялар азаматтардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастырып, еліміздің орман ресурстарын болашақ ұрпақ үшін сақтауға ықпал етеді», – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары М. Елемесов.
Аталған іс-шара «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. Оның мақсаты – қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатқа ұқыпты қарау идеясын кеңінен насихаттау.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр Тұжырымдама аясында өткен іс-шараларда әрбір үшінші қазақстандық бой көрсеткен болатын. Биылғы 9 айда ұйымдастырылған экологиялық акцияларға 5,4 миллионнан аса адам қатысып, 966 мың гектарға жуық аумақтан 729 мың тоннадан аса қоқыс шығарылып, ел аумағы 2,4 млн түп ағашпен толықты.
Айта кету керек, биыл аумақты тазалау жұмыстарына бір уақытта шыққан адам саны бойынша алғаш рет ел рекорды орнатылды. Жетістік еліміздің КИНЭС рекордтар кітабына енгізілді. Дүниежүзілік тазалық күніне орайластырылған сенбілікке 400 мыңнан аса қазақстандық қатысты.
Сонымен қатар мектеп оқушылары мен жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған экологиялық білім беру сағаттары, экоквесттер мен пікірталастар, мектептерде қоқыстарды бөліп жинауға арналған фандоматтар мен экобокстардың орнатылуы, экологиялық бастамаларды, тұрақты тұтыну және өндіріс тәжірибесін енгізетін компаниялар мен азаматтарды көтермелеу сияқты экологиялық міндетті арттыруға бағытталған бірқатар іс-шара ұйымдастырылды.
«Таза Қазақстан» тазалық пен табиғатқа қамқорлық және елдің экологиялық болашағы үшін жеке жауапкершілік идеясы төңірегінде азаматтарды біріктірудің символына айналды.



