Президент елорданың «Нұра» ауданындағы Greenline бульварын аралап көрді

Аумағы 3,8 гектар болатын нысандағы жұмыстың бірінші кезеңі аяқталған. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мұнда жаяу жүргіншілерге және велосипедшілерге арналған жолдар, сәулеттік қалыптар және жасанды тоғандар бар.
Мемлекет басшысына Астана қаласындағы абаттандыру жұмыстары жайында мәлімет берілді.
Жеңіс Қасымбек елордада қазір 170 қоғамдық кеңістік пен ауланы абаттандыру бойынша кешенді бағдарлама іске асырылып жатқанын айтты. Бұл жұмыстар Ботаникалық бақта, Триатлон паркінде, Ататүрік, Бейбітшілік және келісім, Президент саябақтары мен қаланың негізгі көшелерінде жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар «Мыңжылдық» аллеясын абаттандырудың тұжырымдамасы жасалды. Есіл өзенінің жағалауын реконструкциялау шаралары аяқталуға жақын.
Мемлекет басшысы қала инфрақұрылымын жетілдіру, тұрғындарға заманауи әрі қолайлы, экологиялық тұрғыдан таза орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде тапсырма берді.
Осыған дейін Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысқанын жазған едік.



