Үш жылда экологиялық заңбұзушылықтар бойынша 185 миллион доллар айыппұл салынған

Ташкентте Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің бас прокурорларының 6-отырысына қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жиында Әзербайжан, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан прокуратурасының басшылары экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және орман қорын қорғау, сондай-ақ шығарындыларды азайту, заңсыз ағаш кесу мен браконьерлікке қарсы күрес мәселелерін талқылады.
Ерекше көңіл экожүйелерді қалпына келтіру мен сирек кездесетін жануарларды қорғау шараларына бөлінді.
Сонымен қатар қатысушылар сот-құқықтық реформалар және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тәжірибелерімен бөлісті.
Экологиялық тақырып аясында Қазақстан қадағалау органының басшысы экология және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану – тұрақты дамудың кепілі екенін атап өтті. Қазақстан бұл мәселелерге стратегиялық басымдық береді және «ластаушы төлейді» қағидатына сәйкес, табиғатқа зиян келтірген әрбір адам тек шығынды өтеп қана қоймай, заң алдында жауап беруі тиіс екенін ұстанады.
Сонымен бірге, Б.Асылов Қазақстан прокуратурасының табиғатты пайдалану саласындағы қадағалау тәжірибесін, су ресурстарының сапасы мен ормандарды қорғау бойынша бақылау жұмыстарын таныстырды.
Ол өртті ерте анықтау жүйесін енгізу шаралары туралы да айтып өтті. Бұл жүйе өрттердің аумағын төрт есеге қысқартуға мүмкіндік берген.
Соңғы үш жылда экологиялық заңбұзушылықтар бойынша 185 миллион доллардан астам айыппұл салынғанын, ал қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 11 пайыздан 30 пайызға дейін өскенін жеткізді.
Сонымен қатар сирек жануарларды браконьерлік және контрабандадан қорғау үшін өңірлік стратегия әзірлеуді, ормандар мен су ресурстарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды.
Жиын қорытындысында қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен және экологияны қорғау саласындағы қауіп-қатерлермен күресте халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын Декларация қабылданды.



