Қазақстан Қытай компаниясымен су шаруашылығын цифрландыруға байланысты меморандумға қол қойды

Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қытайдың Power China өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжатқа Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров пен Power China International директорлар кеңесінің хатшысы, Еуразиялық өңірлік штабтың вице-президенті Го Цзюньи қол қойды.
Құжат гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту және ирригациялық жүйелерді реконструкциялау, бірлескен бағдарламалар арқылы кәсіби кадрларды даярлау және тәжірибе алмасу, су шаруашылығын цифрландыру бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамытуды көздейді.
Сонымен қатар меморандум инвестициялар тарту, суды үнемдеу және ресурстарды тиімді пайдалану, ғылыми зерттеулер мен техникалық ынтымақтастық, сондай-ақ жерасты суын басқару саласындағы мамандар үшін оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұйымдастыру сияқты бағыттарын да қамтиды.
«Қытай тарапына Қазақстанның су саласы мамандарына арналған оқу курстарын ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Биыл оқуға төрт топ қатысып, барлығы 125 маман біліктілігін арттырды. Қол қойылған меморандум аясында бұл ынтымақтастық жалғасын тауып, алдағы уақытта да су саласы қызметкерлері үшін осындай тренингтер өткізіледі деп үміттенеміз», – деді бірінші вице-министр Нұрлан Алдамжаров.
Айта кетейік, келесі жылы Қытайда тағы 200 қазақстандық маман біліктілікті арттыру курстарынан өтеді деп жоспарланып отыр. Биылғыдай барлық шығынды қытайлық тарап өз мойнына алады.



