Мәжілісте 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қаралады

Бүгін, 16:03
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views51
Мәжілісте 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қаралады
Фото: parlam.kz

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Депутаттардың қарауына 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заң жобалары енгізіледі. Заң жобалары Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес, елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, 2026-2028 жылдарға арналған бюджет параметрлері және Президенттің тапсырмалары негізінде әзірленді.

«Жұмысқа бірқатар жаңа заң жобасын қабылдау ұсынылады. Олардың қатарында атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіруге бағытталған түзетулер, сондай-ақ 2021 жылғы 16 ақпандағы Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімге енгізілген өзгерістер бар. Бұл құжат Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіруге бағытталған. Сонымен қатар Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 а)-бабының және 56-бабының өзгеруіне қатысты хаттаманы ратификациялау ұсынылған», - делінген хабарламада.

Бюро отырысында Парламентаризм институтының Үшінші сессия барысында VIII сайланған Парламент Мәжілісімен өзара іс-қимыл жөніндегі жоспардың орындалуы туралы, сондай-ақ Төртінші сессияға арналған жұмыс жоспары туралы ақпараты тыңдалды.