Фильмдер арқылы дөрекілік пен көргенсіздікті насихаттап жүрміз – депутат

Бүгін, 16:44
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views62
Фильмдер арқылы дөрекілік пен көргенсіздікті насихаттап жүрміз – депутат
Фото: Мәжіліс

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Құдайберген Бексұлтанов Қазақстандағы фильмдерде дөрекілік, арсыз сөздер мен қатыгездік жиі кездесетінін айтып, мұндайға жол бермеу қажеттігін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Депутат ұлттық фильмдер мен сериалдарды қолайсыз сөздерден тазартып, әдепсіз сөздердің қоғамдық орындарда, тіпті мемлекеттік мекемелерде қалыпты жағдайға айналуының алдын алуды талап етті.

«Президентіміз қоғамның моральдық ахуалына алаңдаушылық білдіріп отыр. Барлығы сөзден басталады. Қазір автобустарда, қоғамдық орындарда, тіпті мемлекеттік мекемелерде әдепсіз сөздер кеңінен қолданылатын болды. Егер біз өз фильмдеріміз арқылы дөрекілік пен көргенсіздікті насихаттасақ, қайда барамыз? Балалар кішкентайынан осылай сөйлеуге үйреніп жатыр. Не істеу керек?» – деді Бексұлтанов мәжіліс отырысында.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл мәселені құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы жаңа заң арқылы шешпек екенін айтты. Айтуынша, заңға сәйкес тәрбие жұмыстары жүргізіліп, айыппұл енгізіледі.

«Бұл – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ісі. Біз тәрбие жұмыстарын жүргізіп, айыппұлдар енгіземіз, бірақ жүйелі жұмыс қажет», – деді министр.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов мазмұнға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты.

«Насихат пен әдепсіз сөздер мәселесі заң жобасында қарастырылып жатыр, әрі қарай жұмыс істейміз», – деді ол.

Депутат Ринат Заитов өнер туындыларын шектеу идеясына қарсы шықты. Ол фильмдердің өнер екенін, шектеулер режиссерлерді шығармашылық жұмыстары үшін жауапқа тартуға әкелуі мүмкін екенін ескертті.

«Заң талаптарын орындау барысында ертең режиссерлерді ұлттық дәстүрге негізделген фильмдерді түсіргені үшін қудалаймыз ба? Мысалы, қыз ұрлау сияқты әдет-ғұрыптар туралы фильмдер бар. Бұл ұлттық фольклорымыздан айырылып қалуымызға әкелуі мүмкін», – деді ол.

Бұған Қанат Ысқақов сөз бостандығы мен пікір білдіру құқығы сақталатынын, заңға қайшы болмаса, ешкім қудаланбайтынын айтты.

«Мұндай сюжеттер жеке қаралады, мақсат – жазалау емес, ұлттық идеяны қолдау», – деді ол.

Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов мектептерде патриоттық тәрбие бағдарламалары бар екенін, министрлік тіл мәдениетін дамыту бағытында бірге жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.