Жаңа Құрылыс кодексінің жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жаңа Құрылыс кодексінің жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатында жаңа Құрылыс кодексінде сейсмикалық мәселеге арналған жеке тарау енгізіледі. Нормалар кешенді түрде сейсмикалық қатерді бағалауды, жаңа нысандарды сейсмо-оқшаулау технологиясымен жобалауды, құрылыс алаңдарын таңдау мен бірінші деңгейдегі маңызды нысандарға инженерлік-сейсмометриялық бақылау жүргізуді қарастырады.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың сөзіне қарағанда, Кодекс аясында құрылыс жобаларының орындалуын қосымша бақылау үшін Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, тағы бір өзекті мәселе ол – қазіргі аттестаттау тәртібі сарапшылар мен инженерлердің нақты біліктілік деңгейін толық әрі тиімді көрсете алмай отыр. Осыған байланысты негізгі халықаралық тәжірибені, соның ішінде Еуропа одағының озық тәжірибесіне сүйене отырып, құрылыс инженерлерін сертификаттау жүйесін енгізу жоспарланған.
Мұнымен қоса, саладағы нормативтік базаны тұрақты түрде жаңартып, заманға бейімдеу мақсатында жаңа Құрылыс кодексінде техникалық нормалау жүйесіне ерекше назар аударылды. Кодекс аясында Ұлттық техникалық нормалау институтын құру жоспарланды. Ол нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру ісін өз қолына алады.
Бұдан басқа, құрылыс, сәулет, инженерлік жүйелер, құрылыс материалдары сияқты бағыттар бойынша арнайы техникалық комитеттер құру ескерілген. Бұл комитеттерге кәсіби мамандар, ғылыми ұйымдар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар қатысады.
Жаңа Құрылыс кодексі аясында бақылау мен қадағалауды күшейтуге бағытталған жаңа тәсілдер әзірленді. Құрылыс сапасын қатаң қадағалау үшін бақылау органдарының қатысуымен құрылыс барысы «жоспарлы инспекциялау» арқылы басынан бастап, пайдалануға берілгенге дейін тексеріледі.
Министрдің айтуынша, енді профилактикалық бақылау қашықтан, яғни объектіге бармай-ақ жүргізілетін болады. Бұл үшін мемлекеттік органдардың деректері мен ақпараттық жүйелер пайдаланылады, қажет болған жағдайда дереу шара қабылданады. Сонымен қатар әкімдіктердің жұмысына да бақылау артып, заң бұзуды алдын алу шаралары күшейтіледі.
«Құрылыс кодексі жобасында нысанды қабылдау кезінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мен төтенше жағдай органдарының міндетті түрде қатысуы қарастырылған. Олар нысанның пайдалануға дайын екендігі туралы қорытынды береді. Жаңа заңнамалық өзгерістер құрылыс циклінің басынан аяғына дейін мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздеп отыр», - деді министр.
Кодексте Мемлекеттік ақпараттық мадельдер банкі функционалын кеңейту негізінде Бірыңғай құрылыс порталын құру көзделген, яғни құрылыс саласындағы барлық қызмет «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілетін болады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, депутат Мұрат Әбенов енді ірі құрылыс нысандарын салудатек олигархтарға емес, басқаларға да мүмкіндік берілетінін айтқан еді.



