ЖИ-ді дұрыс емес қолданғанның кесірінен балалар ойлау қабілетінен қалып бара жатыр – Аймағамбетов

ЖИ-ді дұрыс емес қолданғанның кесірінен балалар ойлау қабілетінен қалып бара жатыр – Аймағамбетов
Фото: Бақытжан Отарбаева

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ЖИ-ді дұрыс емес қолданғанның кесірінен мектептегі оқушылар ойлау қабылетінен, анализ жасаудан қалып бара жатқанын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның сөзінше, жасанды интеллект – бүгінгі күн шындығы, біздің алдымызда оны қолдану бойынша этикалық мәселелер тұр, осыған назар аударуымыз керек.

«Жасанды интеллект бүгін біздің өмірімізге кірді. Ол бүгін емес, келесі 5 жылда,  10 жылда одан кейін де біздің күн тәртібімізде одан сайын күшейе береді. Сондықтан ол бізге ұнаса да, ұнамаса да біз жасанды интеллектіні қалай тиімді пайдалануымыз керек деген сұрақтарға жауап беріп, балаларымызды, міне, осы мәселеге үйретуіміз керек. Жасанды интеллектіні мектепке енгіземіз деу жасанды интеллектіні ашып қой, былай жаз деп отыратындай емес. Балалар бұрыннан да GPT, Deepseek-ті қолданады. Дұрыс қолдануымыз керек, тиімді қолдануымыз керек. Дұрыс емес қолданғанның кесірінен балалар ойлау қабілетінен, анализ жасау қабілетінен қалып бара жатыр. Біз балаларға нені үйретеміз? Біріншіден, этикалық мәселелер, академиялық адалдық, оның жауапкершілігі қандай? Оны қай жерде қолдануға болады, қай жерде қолдануға болмайды? Екіншіден, сыни тұрғыда ойлау. Біз жасанды интеллектінің берген ақпаратын анық, ақиқат деп қабылдамауымыз керек, оны тексеру керек. Мысалы жасанды интеллект дереккөзі ретінде сілтемеге дейін береді, бірақ тексеріп қарасаң, ондай журнал жоқ болып шығады. Үшіншіден, оқу сауаттылығын арттыруға пайдалану. Біздің балаларда оқу сауаттылығы өте төмен. Судырлатып әдемі оқиды, бірақ сұрақ қойсаң, жауап бере алмайды. Міне осыған жасанды интеллектіні қолданып, оқу сауаттылығын арттыру керек», - деді депутат.