Қазақстан мен Мажарстан парламенттерінің ынтымақтастығы артады

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Мемлекеттік жиналысының төрағасы Ласло Kёвермен кездесті. Тараптар екі ел парламенттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін талқылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кездесу барысында Ерлан Қошанов Қазақстан мен Мажарстан парламенттерінің ынтымақтастықты және бірлескен жұмысты одан әрі нығайтуға ниеті зор екенін атап өтті.
«Кейінгі жылдар қазақ-мажар қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерудегі маңызды кезеңге айналды. Бұл қос ел көшбасшыларының мызғымас достығының, ерен еңбегінің арқасы деп білеміз. 2023 жылы Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбан Қазақстанда ресми сапармен болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Мажарстанға мемлекеттік сапары нәтижелі өтті. Стратегиялық келісімдерге қол қойылып, маңызды уағдаластықтар жасалды. Енді осы келісімдерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз», – деді Мәжіліс төрағасы.
Сонымен қатар Мәжіліс спикері мажар әріптестеріне Қазақстанда болып жатқан ауқымды өзгерістер жайлы айтып берді. Мемлекет басшысы Жолдауында жарияланған бастамалар мен парламенттік реформаға жеке тоқталып, оларды іске асыру бағытында қабылданып жатқан заңдарға да мән берді.
Өз кезегінде, Ласло Kёвер қазақ пен мажар халықтарын айрықша достық байланыстыратынын және парламентаралық байланыс елдеріміз арасындағы берік әріптестікті арттыру жолында көпірге айналғанын атап өтті.
Кездесу соңында Мәжіліс төрағасы Мемлекет басшысының атынан Ласло Kёверге Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін «Достық» орденін табыс етті.



