Ерлан Қошанов: Несие аларда «салқын ақылға салып» ойлануға 24 сағат уақыт беріледі


Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқығын қорғау жайындағы мәселеге тоқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бұл мәселеге алғашқы күннен бастап ерекше назар аудардық.
Бізге азаматтардан қарызынан құтылуға көмектесуді сұраған мыңдаған хат келіп түсті.
Соған орай, былтыр халықтың шамадан тыс қарыз алуын азайтуға бағытталған маңызды нормалар қабылданды.
Осы сессияда бұл жұмыс жалғасын тапты.
Депутаттар қаржылық қызмет алушылар құқығын қорғау шараларын күшейтті.
Осы ретте, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін қарыз бен микрокредиттер бойынша төлем мерзімін үш айға шегеру мүмкіндігі енгізілді.
Бұл – уақытша қиындықтарды еңсеру үшін сол азаматтарға берілген елеулі жеңілдік», - деді ол.
Мәжіліс төрағасы онлайн режимде тез әрі кепілсіз несие беру тәжірибесін тоқтатуды көздеп отырғанын айтты.
«Енді әр несие өтінімі бойынша «салқын ақылға салып» ойлануға 24 сағат уақыт беріледі.
Бұл аралықта банк те, кредит алушы азамат та өз шешімін, барлық ықтимал қауіп-қатерді тағы бір рет саралай алады.
Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерге несие мен шағын займдар беруге тыйым салынды.
Мұның бәрі ойланбай қарыз алушыларды қаржылық қиындықтан қорғауға, ал алаяқтық әрекеттер болған жағдайда – банктің дер кезінде шара қолдануына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, бұрын несие алмаған азаматтарға өзінің қатысуынсыз, қашықтан қарыз алуға тыйым енгізілді.
Депутаттар алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерді есептен шығаруға негіз болатын нормалар аясын да кеңейтті», - деді ол.



