Ауыр атлетші Едіге Емберді: қатардағы көп спортшының бірі болғым келмейді

Ауыр атлетикадан Норвегияның Ферде қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында 79 келі салмақта бақ сынап, 351 келіні көтеріп, 6-орынға тұрақтаған Едіге Емберді жарыс жайлы Elordainfo.kz тілшісіне айтып берді.
- Шілде айында ғана жастар арасындағы Азия чемпионатында топ жарған соң, басты мақсаттардың бірі – Ислам Ынтымақтастық ойындары екенін айтып едіңіз. Жаһандық додаға қатысу жайлы қашан белгілі болды? Толыққанды дайындалып үлгердіңіздер ме?
Ұлттық құраманың бас бапкері әлем чемпионатына баратыным жайлы ақпаратты қыркүйек айының басында ғана айтты. Бір айдың ішінде толыққанды бабыма ене алмадым. Дайындық шикі болғаны көрініп тұр. Шілде айында қос жаттығудың қорытындысы бойынша, 347 келіні еңсеріп, жастар арасында Азия чемпионатында топ жардым. Бұл бәсеке көрсеткіштерімді одан әрі жақсартуға болатынын көрсетті.
- Биылғы жаһандық доданың басты ерекшелігі – жаңа салмақта жүлде үлестірілді. Бірақ сіз бұған дейін де осы салмақта өнер көрсетіп үлгердіңіз. Дайын болдыңыз ба? Нәтижеге көңіліңіз тола ма?
- Иә, былтыр 81 келіде жүлде сарапқа салынып еді. Биыл салмағым өзгерді. Шілде айында дәл осы салмақта бақ сынап үлгергенмін. Осы жолы көрсеткішімді 4 келіге жақсарттым. Алайда нәтиже әлі де ересектер арасында жеткіліксіз. Жұлқа көтеруде жеке рекорд жаңарды. Ал серпе көтеруді әлі жетілдіру қажет. Жалпы нәтижеге көңілім толады.
- Жастар арасындағы Азия чемпионатынан қарағанда сіз қос жаттығуда да жоғары салмақтарды еңсердіңіз. Әйтсе де серпе көтеруде 199 келіні бағындыра алмаған сәтте өкінішіңіз байқалып қалды.
- Иә, 199 келіні көтере алмағаныма көңілім толмады. Ол жағын мойындаймын. Дайындық жетіспеді.
- Ересектер арасында әлем чемпионатының атмосферасын сезіндіңіз. Қандай сабақ алдыңыз?
- Жастар мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болсам да, ересектер арасындағы бәсекенің орны бөлек. Атмосферасы ауыр. Бәсекелестік жоғары. Сонда да атақты қарсыластарыма лайықты деңгейде төтеп бере алдым. Ересектер арасындағы алғашқы жаһандық додада 6-орын аламын деп те ойламадым. Бұдан да қиын болады деп күткенмін. Тіпті серпе көтеруде 199 келіні бағындырғанда, кіші қола медальға иелік етер едім. Осы дода өзіме сенімділік сыйлады. Қандай жарыс болмасын, қатардағы жай спортшының бірі болғым келмейді. Бұл да жаңа тәжірибе. Ересектер арасында да жүлде алуға болатынына көзім жетті. Чемпион атанған Индонезия спортшысы менен 10 келіге ғана озды. Алдағы уақытта өз көрсеткіштерімді жақсартсам, жүлдегерлердің қатарында болатыныма сенімдімін.