Астанада Абай Құнанбайұлының ұрпағы оқушылармен кездесті

Астанадағы №73 мектеп-лицейінде ұлы ақын Абай Құнанбайұлының ұрпағы, ұстаз Сырғагүл Дүтбаева оқушылармен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Химия және биология пәндерінің мұғалімі Сырғагүл Дүтбаева педагогика саласында 40 жылдан астам еңбек етіп келеді.
Көпбалалы ана әрі ұстаз ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының ұрпағы болып саналады. Ол ұзақ жылдар бойы Абай мұрасын зерттеп, оның шығармашылығын насихаттаумен айналысып келеді.
Кездесу барысында Сырғагүл Дүтбаева оқушыларға Абай Құнанбайұлының ағартушылық идеялары мен жастар тәрбиесіндегі рөлі туралы айтты.
«Біздің мақсатымыз – балалар арасында Абай шығармашылығын кеңінен таныту және оларды ақын ұрпақтарымен жақын таныстыру. Сол ұрпақтар арасында абайтанумен айналысып жүргендері де бар. Бүгінгі қонағымыз – соның айғағы. Сырғагүл апай Абай Құнанбайұлына арналған әдеби байқауларға қатысып, «Сарыарқа» ауданының белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі болып саналады. Ол – ән айту мен биге әуес шығармашыл жан. Сондықтан балаларға айтары мол», - деді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сандуғаш Сегізбаева.



