Абай облысында ең ірі ет өңдеу зауыты іске қосылады – министрлік

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров аймақтарды аралау кезінде Абай облысына барып, өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі жетекші кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлады Elordainfo.kz АШМ-ге сілтеме жасап.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, аграрлық сектордағы мемлекеттік саясаттың басым бағыты – өнімді терең өңдеу мен оның қосылған құнын арттыруға бағытталған. Осы бағытта Абай облысының белсенділігі жоғары екеніне куә болдық», - деді Айдарбек Сапаров.
Министр «ARAI-EAST FOOD» кәсіпорнына барды. Бұл кәсіпорын «Халал» стандарты бойынша шұжық және ет деликатестері өнімдерін өндіруге мамандандырылған.Жылдық өндірістік қуаты – 1,8 мың тонна дайын өнім, сондай-ақ, 100-ден астам өнім түрлерін қамтиды.
Одан кейінгі нысан - «Eurasia Agro Semey» компаниясы да өңірдегі ірі жобалардың бірі – ет өңдеу зауытының құрылысын іске асыруда. Бұл жоба болашақта толық өндірістік циклді қамтитын ет кластерінің өзегіне айналмақ.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 7,7 млрд теңге, оның ішінде 4,5 млрд теңге Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін тарату аясында бөлінбек. Құрылыс жұмыстары биыл басталды, қазіргі таңда металл конструкцияларын орнату жұмыстарының 70%-ы аяқталып, қажетті жабдықтар мен материалдардың жеткізушілері анықталған.
Болашақ ет комбинаты тәулігіне 70 бас ірі қара және 700 бас ұсақ малды союға арналған заманауи желілермен жабдықталады. Сонымен қатар тәулігіне 17 тонна өнім өндіретін шұжық және консерві цехтары жұмыс істейтін болады. Жалпы өндірістік қуаттылығы жылына 11,4 мың тонна дайын өнімді қамтиды. Нысанды пайдалануға беру келесі жылдың тамыз айына жоспарланып отыр.
«Өңірдің мал шаруашылығы мен қайта өңдеу саласының әлеуеті зор. Бұл жобалар – жай ғана инвестициялар емес, бұл ауылдың дамуын, халықтың жұмыспен қамтылуын және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жаңа индустриялық база. Министрлік алдағы уақытта да фермерлерді қолдауды, бірлескен іс-қимылды және заманауи технологияларды енгізуді жалғастыратын болады », - деді министр.



