Айдос Сарым: Жалған коучтар мен рухани алаяқтар қоғам үшін қауіпті құбылысқа айналды

Amanat партиясы Фракциясының мүшесі Айдос Сарым Мәжілістің жалпы отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жалған ілімдер мен курстардың қоғамда кеңінен таралуы және оның салдары жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Депутат дипломы жалған бола тұра ел алдында білікті маман ретінде сөз сөйлейтіндер күн санап артып келе жатқанына назар аудартты.
«Бізді соңғы уақытта елімізде кеңінен таралып кеткен сан-алуан эзотерикалық, псевдоспихологиялық жалған ілімдер мен секталардың әсіре белсенділігі қатты алаңдатып отыр. Өздеріне жалған диплом жасатып, атағы жер жаратын «академиялардың», «әлемдік ұйымдардың» атынан сөз сөйлеп жүрген бақсы-құшнаштың, тренер-коучтердің шараларының саны күн санап артып келеді.
Қай бір сайтты, әлеуметтік желіні ашып қалсаң болды, әлемнің барша құпиясын меңгерген, адамның жан дүниесінің бүкіл кілтін беліне байлаған мамансымақтар көпшілікпен кездесулер, курстар, семинарлар өткізіп жатады. Өкініштісі, бұны жекелеген адамдардың өз таңдауы, жеке құқығы деп те айта алмаймыз. Рухани алаяқтар мемлекететтік мекемелерге, квазимемлекеттік сектордағы ұйымдарға дейін жетіп, мемлекеттік, қоғамдық проблемаға айналғанын байқап отырмыз», - дейді депутат Айдос Сарым.
Депутатты әсіресе соңғы кездері елімізде танымал бола бастаған «Сюцай» деп аталатын бағыт алаңдатады.
«Бұл бағыт өзін «адамның ішкі әлеуетін ашатын сандық психология» деп таныстырғанымен, іс жүзінде ғылыми негізі жоқ, эзотерикалық және діни сипаттағы коммерциялық жобаға айналып отыр. Бүгінде «Сюцай» атауын жамылған топтар жабық форматтағы шаралар өткізіп, өз уағыздарын кеңінен таратып жүр. Олардың басым бөлігі – лицензиясыз, сертификатсыз, тіркелмеген тұлғалар», - дейді депутат.
Оның айтуынша, жалған ілімнің басты мақсаты – азаматтарды «рухани даму» ұранымен иландырып, сандар мен символдарға сүйенген псевдотеория арқылы материалдық пайда табу.
«Нәтижесінде көптеген адам, әсіресе әйелдер мен жастар, қаржылай шығынға ұшырап, психологиялық тәуелділікке түсуде, ал кейбірі отбасылық және әлеуметтік күйзеліске тап болып жатыр», - деді Айдос Сарым.