Қазақстандық «Бірлік» ансамблі Парижде өнер көрсетті

Бүгін, 17:21
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views46
Қазақстандық «Бірлік» ансамблі Парижде өнер көрсетті
Фото: Қазақстанның Франциядағы елшілігінен

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Бірлік» ансамблі Парижде өнер көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.   

Қазақстандағы алғашқы көпұлтты «Бірлік» би ансамблі париждіктерді Қазақстан халқының мәдени мұрасымен таныстырды.

Концерттік бағдарламада қазақ би өнерінің ең үздік үлгілері көрсетілді. Солардың қатарында Нұрғиса Тілендиевтің аңызға айналған күйіне қойылған «Аққу» биі де бар. Ансамбль сонымен қатар өзбек, тәжік, корей, түрікмен, татар және үнді билерін ұсынып, түрлі халықтардың бай мәдениетін паш етті.

Сондай-ақ Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Қазақстанның танымал мәдениет қайраткерлері, қобызшы Ғазиза Ғабдрахимова және әлем халықтарының билері бойынша солисі Анель Марабаеваның қатысуымен шығармашылық студияның ашылуы өтті.  

Қазақстанның танымал қобызшысы, продюсер, этно-джаз бағытындағы The Magic of Nomads тобының жетекшісі және тележүргізуші Ғазиза Ғабдрахимова қазақтың қобызы мен оған тектес Орталық Азиядағы түркі халықтарының ұлттық аспаптары жөнінде дәріс оқыды.

Ол өз баяндамасында музыка арқылы мәңгілік өмірге ұмтылған, көреген, жыршы, емші әрі күйші Қорқыттың рухани мұрасын, сондай-ақ, көне аспаптың эволюциясы мен түрленуін атап өтті. Дәріс барысында қобыздың ерекшеліктері мен мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілді.  

Сонымен қатар халықаралық байқаулардың лауреаты, «Бірлік» ансамблінің көркемдік жетекшісі Анель Марабаева халық билерінің хореографиясы бойынша шеберлік сабақ өткізді. Ол қазақ биінің сакралды мағынасы, тарихы мен мәдени мұрасын, сондай-ақ би өнерінің от, су, жер және ауа секілді табиғаттың төрт стихиясымен байланысын салыстырды.

Іс-шараны «Франциядағы қазақстандық күз» мәдени маусымы аясында Франциядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен QazElles Қазақстан әйелдері қауымдастығы, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілдігі және Severn Art агенттігі ұйымдастырды.