LRT бойында жаңа веложолдар мен демалыс аймақтары салынуы мүмкін

Бүгін, 16:26
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views58
LRT бойында жаңа веложолдар мен демалыс аймақтары салынуы мүмкін
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бұл туралы Астана қаласы әкімдігі №6 балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Бауыржан Өтегенов «Астана ақшамы» газетінің тілшісіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Веложолдар ұзындығы ұлғаяды

«Қазіргі таңда Астана қаласы әкімдігі №6 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің иелігінде 300-ден аса велосипед құралы бар және 2023 жылы мектепке арнайы 55 велосипед пен 3 автокөлік тапсырылды. Сонымен қатар онда барлығы 426 спортшы спорттық бағдарлама бо­йынша велоспортпен айналысады. Оның ішінде шоссе – 156 спортшы, трек – 140 спортшы, маунтинбайк – 130 спортшы. Ал велосипедтер арнайы спорт базаларындағы тұрақжайларда сақ­талады және спортшылар үшін қолайлы жағдай жасалған», – деді Бауыржан Өтегенов «Астана ақшамы» газетінің тілшісіне.

Оның айтуынша, елордада алдағы уақытта велосипед тебушілер үшін веложолдар ұзындығы 123 шақырымға дейін ұлғаяды.

«LRT бойында жаңа веложолдар мен демалыс аймақтары салынады, автоматтандырылған велосипед жалға беру жүйесі енгізіліп, спортшыларға ыңғайлы инфрақұрылым жасалмақ. 2025 жылы Астана қаласы мәслихатының шешімімен «Астана орманы» веложолын қалпына келтіру жұмыстары да жоспарланып отыр», – деді ол.

Елордада спорттық велосипед тебу сәнге айналып барады

Астана қаласы Полиция департаменті ­патрульдік полиция полкі турис­терге қызмет көрсету взводының инспекторы, полиция аға лейтенанты Жеңіс Өнербектің сөзінше, соңғы жылдары елордада спорттық велосипед тебу сәнге айналып барады.

«Жұмыс барысында бір байқағаным, велосипед тебушілердің қатары жыл сайын көбейіп келеді. Демек, қала өмірінде велосипедке сұраныс артып, адамдардың оны күнделікті қолданысқа көптеп пайдаланып жатқанын көруге болады. Бұл ретте велосипед жолақтарын кеңейту, жаңа веложолдар салу маңызды. Әсіресе жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмейтіндей етіп жобалануы тиіс. Өйткені қазір Астанаға қоныс аударушылар саны өте көп. Соған байланысты көлік кептелісі жылдан-жылға артып отыр. Осындай жағдайда тұрғындардың біразы жұмысқа велосипедпен баруды жөн көреді. Сонымен бірге соңғы жылдары спорттық велосипед тебу сәнге айналып барады. Тіпті өзім де отбасыммен бірге спорттық велосипедке қызығушылық танытып жүрмін. Сондықтан велосипедтің қолданыс аясын кеңейтіп, халықтың қызығушылығын арттыру керек», – деді Жеңіс Өнербек.

Полиция департаменті ­патрульдік полиция полкі турис­терге қызмет көрсету взводының инспекторы ең алдымен веложолдардың сапасын жақсарту қажет екенін атап өтті.

«Шетелден келетін туристер үшін де қолжетімді әрі сапалы велосипедтерді ұсыну маңызды. Қазіргі қолданыс­тағы велосипедтердің жүруі мен міну ыңғайы көп жағдайда көңілден шықпайды. Сол себепті арнайы спорттық үлгідегі велосипедтерді жалға қою, олардың тұрақтарын заманауи етіп, шатырлап, әдемі дизайнмен жасау қажет. Мұндай орындар тек тұрғындарға емес, сырттан келген қонақтарға да қала мәдениетін танытатын көрініс бола алады. Бұл бастаманың артықшылығы айқын: біріншіден, көлік кептелісін азайтады. Екіншіден, халық денсаулығына пайдалы, сонымен қатар велосипедті пайдалану кезінде тәртіп ережелерін сақтау маңыз­ды. Сол үшін қалада велосипед тебу мәдениетін қалыптастырып, оны тұрғындарға кеңінен насихаттау қажет», – деді ол.

Қоғамдық велосипедті қалай жалға алуға болады?

«City Transportation Systems» ЖШС мәліметінше, Астана қаласы бойынша қоғамдық велосипед пайдаланушыларға 155 велостанса және электрлі велосипедтерге арналған 2 станса ­жұмыс істейді, қазіргі таңда 774 велосипед пен 13 электрлі велосипед қолжетімді, велостансалардың орналасқан жерін www.velobike.kz сайтынан көруге болады және жүйе тәулік бойы 24/7 режимінде жұмыс істейді.

Фото: Сұлтан Сейіт

Велосипедті жалға алу үшін алдымен жүйеде тіркелу қажет. Ол үшін сайтқа кіріп, жеке деректерді енгізіп, келісімшартпен танысып, оны растау керек. Тіркелу құқығы тек 16 жасқа толғандарға беріледі. Абонементтерді www.velobike.kz сайтынан, CTS кассаларынан немесе CTS мобильді қосымшасы арқылы сатып алуға болады.

«Қолданушыларға айлық тоқсандық және маусымдық абонементтер ұсынылады. Әр абонементте 30, 45 немесе 60 минут тегін пайдалану уақыты бар жеңілдіктер қарас­ты­рылған. Тиісті құжаттарды ұсынған жағдайда, тоқсандық және маусымдық абонементтерге 50% жеңілдік беріледі. Жеңілдікке құқығы бар санаттарға ҰОС қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілгендер, Ауған соғысының ардагерлері, көпбалалы аналар, ерекше қажеттіліктері бар балалар және олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері, барлық топтағы мүгедектер, көпбалалы отбасылар (жеңілдік ата-аналардың біреуіне ғана беріледі) және Астанадағы жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері жатады. Абонементтен бөлек, пайдаланушының жеке шотында кемінде 500 теңге болуы тиіс. Егер велосипедті белгіленген уақыттан артық (30, 45, 60 минуттан кейін) пайдаланса, қосымша төлем алынады», – деді «City Transportation Systems» ЖШС баспасөз хат­шысы Оксана Әубәкірова.