Астанадағы Жоғары көлік және коммуникация колледжіне 80 жыл толды

Астанадағы Жоғары көлік және коммуникация колледжіне 80 жыл толды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласы Жоғары көлік және коммуникация колледжінің 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар өтіп жатыр. Мерейтой шымылдығы «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» мамандығы бойынша республикалық кәсіби шеберлік конкурсымен ашылды.

Оқу ордасының директоры Бірлік Капезов 80 жылдық мерейтой аясында өтіп жатқан шарада студенттердің ғылыми ізденісіне ерекше назар аударылып отырғанын айтты.

“Колледжіміздің негізі 1945 жылы қаланды. Білім ошағымыздың 80 жылдығына орай ұйымдастырып отырмыз. Бүгін шымылдығын ашқан студенттердің арасындағы білім сайысы. «Rail Traffic ProSkills» республикалық кәсіби шеберлік байқауында қаланың барлық колледждері студенттері “Мамандық бренді” атауымен презентациясымен жоба қорғайды. Ертеңгі шара - қалалық деңгейдегі «Үздік тәжірибелер мен инновациялар» тақырыбымен педагогтерге білім беру конгресі, қатысушылардың арасында Қытайдан, Өзбекстаннан келгендер де бар. Үшінші күн әлеуметтік әріптестермен уағдаластыққа бағытталады, яғни білім алушыларымыздың жұмысқа орналасуы үшін жұмыс берушілермен әріптестікті нығайтуды мақсат тұтып отырмыз. Республикалық форумның тақырыбы - "Көлік және логистика: жаңа IT мамандықтар" деп аталады. Осы форумда Қытайдың Шаньси электромеханикалық институтымен меморандумға отырамыз. Форумда ҚТЖ-ның, «City Transportation Systems»-тің практик мамандары келіп, логистика, көлік саласындағы автоматтандыру тақырыбындағы өзекті мәселелерді ортаға салатын болады”, - деді білім ордасының басшысы.


Бірлік Еркінұлы колледж бүгінгі күні еліміздегі транспорт және логистика, энергетика және байланыс мамандарын дайындайтын жетекші білім ордасына айналып отырғанын айтты.

“Бүгінгі күні Жоғарғы колледжде 16 мамандық бойынша оқытамыз. Жыл сайын орта есеппен 500 студент қабылдаймыз. Еңбек нарығы бәсекеге қабілетті, жаңа білім мен техниканы меңгерген маманды талап етіп отыр. Осы ретте біздің түлектеріміз кәсіби білімі мен білігін жоғары деңгейде дәлелдеп жүр. Біз осы себептен де оқу бағдарламасына жаңа инновацияларды үнемі енгізіп, білім беру бағдарламасын заманға сай жаңартып отырамыз”, - деді ол.

Байқауға Өзбекстан, Қырғызстан, Беларус елдерінен келген қатысушылар бар. Солардың бірі - Өзбекстаннан келген Алтынбек Абдикаримов.

 

“Осы байқау үшін Өзбекстанның Ташкент қаласынан келдім. Өзім Транспорт техникумында білім алып жүрмін. Бүгінгі байқау маған ұнап жатыр. Осы жарысты ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Кәсіби қабілетімді шыңдауға көмектесетін осындай байқаулар көп болып тұрса екен”, - деді ол.

Шара көлік-логистика саласындағы заманауи үрдістер мен даму перспективаларын талқылауға арналған диалог алаңын құру, жаңа ІТ-шешімдерді айқындау және енгізу, отандық және шетелдік сарапшылар арасында тәжірибе алмасу, сондай-ақ көлік пен логистикадағы цифрлық трансформация саласында халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды мақсат тұтып отыр.