LRT: Астанаға тағы екі жылжымалы құрам жеткізілді

Жеңіл рельсті көлік желісін сынақтан өткізу бойынша жоспарлы іс-шаралар шеңберінде Астанаға тағы екі жылжымалы құрам жеткізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz «City Transportation Systems» ЖШС баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
CTS мәліметінше, 17-18 қазан күндері құрамдар эстакадаға орнатылады. Яғни 17 қазан күні бірінші құрам Қабанбай батыр даңғылы «Астана жұлдызы» стелласы маңындағы №104 және №105 станциялар арасындағы аралықта, ал 18 қазан күні екінші құрам Ш. Қалдаяқов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысында, №113 (Министрліктер үйі) және №114 (Ұлттық музей) станциялар арасындағы аралықта қойылады.
«18 қазан күні сағат 00:00-ден 19 қазан сағат 06.00-ге дейін мамандандырылған техниканы пайдалана отырып, көтеру-монтаждау жұмыстарын орындауға байланысты Ш. Қалдаяқов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылы қиылыстарында автокөліктердің қозғалысы уақытша шектеледі. Тұрғындар мен жол қозғалысына қатысушылардан уақытша шектеулерді ескеруді және сапарларды алдын ала жоспарлауды сұраймыз», - делінген хабарламада.



