«Газетте көтерілетін мәселені жіті қараймын»: Сәкен Есіркеп «Астана ақшамы» туралы пікір білдірді

Бүгін, 10:46
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views58
«Газетте көтерілетін мәселені жіті қараймын»: Сәкен Есіркеп «Астана ақшамы» туралы пікір білдірді
Фото Сәкен Есіркептің жеке мұрағатынан

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп «Астана ақшамы» газетінің әр нөмірін үнемі ақтарып, басылымдағы тіл саясаты, ономастика, архив ісі, тұлғатану, көрнекі ақпарат саласына қатысты көтерілген мәселелерді жіті қарап, өзекті мәселелерді оң шешуге күш салып келе жатқанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Газеттің көтермейтін маңызды тақырыбы жоқ деуге болады. Бас қаламыздың әлеуметтік-экономикалық мәселелері, көші-қон саясаты, саяси және танымдық сараптама, руханият, тіл мен ділдің жағдайы сынды тақырыптар ешқашан «Астана ақшамындағы» қаламы қарымды журналистер қауымының назарынан тыс қалған емес. Сондықтан газеттің 35 жылда шыққан әр нөмірі қаламыздың шежірелі тарихынан сыр шертетін құнды құжат деп білемін», - деді Сәкен Есіркеп.

Сонымен қатар ол «Астана ақшамы» газеті қоғамға, елдік істерді шешуге атсалысып қана қоймай, болашақ ізденуші азаматтарға жақсы азық болатын мол тарихи мұра қалдырып келе жатқанын атап өтті.

«Өзім газеттің жаңа нөмірін үнемі ақтарып, тіл саясаты, ономастика, архив ісі, тұлғатану, көрнекі ақпарат саласына қатысты көтерілген мәселелерді жіті қарап, өзекті мәселелерді оң шешуге күш салып келемін. Құрылғанына 35 жыл толып отырған осынау газет ұжымын белесті сәтімен құттықтаймын!» – деді газеттің тұрақты оқырманының бірі, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы.

Фото: astana-akshamy.kz

Елордада басылып, елге таралатын басылым – «Астана ақшамы» рес­публикалық қоғамдық-саяси газетінің жарық көре бастағанына биылғы қазанда 35 жыл толды. Осы жылдар ішінде басылым бірнеше өсу-өркендеу кезеңінен өтіп, қаланың тыныс-тіршілігін, алған асуы мен жеткен жетістігін қалың бұқараға жүйелі жеткізуші ғана емес, ел рухания­тындағы, халық тағдырындағы өзекті мәселелерге үн қосатын мазмұны бай газетке айналды.

Саяси, тарихи, танымдық мақалаларымен оқырманның ықыласына бөленген газет 1990 жылдың 13 қазанында Целиноград қаласында «Ақмола ақиқаты» деген атпен алғаш рет жарық көрген еді. Бастапқыда аптасына бір рет шыққан басылым 1998 жылдың қаңтарында «Ақмола ақшамы», кейін «Астана ақшамы» атанып, республикалық қоғамдық-саяси газет мәртебесіне ие болды.