Елімізде ауызсудың сапасы төмендеп жатқаны рас па – депутат сауалы

Бүгін, 16:02
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views67
Елімізде ауызсудың сапасы төмендеп жатқаны рас па – депутат сауалы
Фото: Мәжіліс

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Тимур Сұлтанғазиевке судың сапасына қатысты сауал қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«2024 жылы Қазақстанның орталықтандырылған су жүйесін тексерген кезде 49403 пробаның 2590-ы санитарлық-химиялық талаптарға сәйкес келмеген. Сонымен бірге ауылдық жерлерде, оның ішінде 469 ауылда санитарлық нормаларға сәйкессіздік одан да көп болып отыр. Көрсеткіш 7,2 пайызға жеткен. Яғни, Қазақстанда жүйелі түрде судың сапасы төмендеп келе жатыр. Бұл осы протоколға сәйкес, адамдардың денсаулығын қалыптастыруға кері әсер етеді. Бүгінгі таңда санэпидстансалардың судың сапасын бір деңгейде ұстап тұруға құзіреті жете ме? Егер  тексерген кезде судың сапасы төмендеп кетсе, олар заң аясында қандай шараларды қолдана алады?», - деп сауал қойды депутат.  

Дегенмен Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы бұл пікірмен келіспеді. Оның айтуынша, керісінше, ауызсудың сапасы жақсарған.

«Соңғы бес жыл бойы біз мониторинг жасап келе жатырмыз. Санитарлық-эпидемиологиялық тараптар бойынша ауызсудың және бірінші категориядағы суқоймалардың сапасы керісінше жақсарып келе жатыр.

Әр өңірде Ұлттық зертханаларымыз орналасқан. Солардың мәліметтері бойынша, орталықтандырылған немесе орталықтандырылмаған ауызсудың сапасы жақсарып келе жатыр. 1,5-2 есеге дейін жақсарғаны көрініп отыр», - деді Тимур Сұлтанғазиев.