Астанада «Гүлдер» ансамблінің жаңа концерті өтеді

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы «Гүлдер» ансамблінің жаңа концертін өткізеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Концерттік бағдарламада жаңа хореографиялық композициялар, ансамбль әртістерінің креативті сахналық көріністері мен жарқын музыкалық нөмірлері қамтылған. Әрбір қойылым – музыка, би, вокал және эмоцияға толы сахналық драматургияның үйлесімді синтезі. Кеш барысында қазақ композиторларының шығармаларымен қатар, әлемдік эстраданың жаңа өңдеудегі нұсқалары да ұсынылады.
Сахнаға халықаралық байқаулардың лауреаттары, «Гүлдер» ансамблінің талантты балет әртістері мен G-band музыкалық тобының музыканттары шығады. Сонымен қатар іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлсім Мырзабекова мен Айзат Қарабек, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Алибек Әльмадиев, Ардақ Елеусіз, Әділхан Макин, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Анна Уварова, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Сұлтан Ахмет пен Нұрмұхамед Сәтен, талантты скрипкашы Меруерт Бақыт және «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі өнер көрсетеді.
Бас балетмейстер – Анвара Садықова, көркемдік жетекшісі – Абзал Өсімбаев.
Өтетін күні мен уақыты: 15 қазан, 19:00.
Өтетін жері: Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» МАКҰ (Мәңгілік ел, 10/1).



