Аналар кеңесінің тынысы: бес кеселге қарсы күрес

Бүгін, 17:44
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views84
Аналар кеңесінің тынысы: бес кеселге қарсы күрес
Фото авторы: Сабина Молдинова

Республикалық Аналар кеңесінің жоспарлы іс-шаралары көп. Олардың басым көбі ұлттық құндылықтар, отбасындағы тірліктің берекесі, ұрпақ тәрбиесіне қатысты. Отбасына мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлықты, жасалатын жеңілдіктерді, ел болашағына қатысты атқарылуы тиіс жұмыстарды аналарға түсіндіре жүріп, жыл сайын тілекшілеріміз көбейіп, қатарымыз нығайып келе жатқанын байқаймыз. Сол жұмыстардың ішіндегі маңыздысы – Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев бүкіл қоғам болып қарсы тұруға үндеген бес кеселге қарсы күрес.

«Салауатты сана» жобасын қолға алғанда 5 кеселдің қай түрі қай өңірде белең алып тұрғанына мән бердік. Яғни, сол өңірге көмек керек. Жоба бойынша екінші жиын Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында өтті. Неге мұнда? Өйткені бұл облыста жыл басынан форум өткізілген уақытқа дейінгі 5 айда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші 23,4 пайызға өсіпті.

Соған сәйкес «Тұрмыстық зорлықтың алдын алудағы аналардың рөлі» атты тақырыптың өзі кеселдің  алдын алу үшін аналар кеңесі қандай көмек бере алатынын талқылады. Шынын айтсақ, бұл – жиынның атауы ғана емес, бүкіл ел бойынша талай шаңырақ шайқалғаны аздай, ана өліміне, баланың жетім  қалуына себепші болып отырған  кеселдің ауқымы ұлғайғанынан хабар береді. Өкінішке қарай, «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деген желеуді басшылыққа алып, зорлық-зомбылықты көре, біле отырып ара түспейтіндер, сөйтіп, қылмысқа жол беретіндер бізде әлі де көп. 

Әсіресе, ішкі істер бөлімдерінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты бір отбасының басындағы жай деп қарау қалыптасқаны баршаға белгілі. Бұған түрлі себептер табылып жатады: зорлықшыл біреуінің танысы, туысы боп шығады. Қала берді аяқ астынан «бөріктінің намысы» ойнап шыға келеді. Нәтижесінде шағым тіркелмейді, зорлық көрген адамды әуре-сарсаңға салады, зорлық жасаған адамға шара қолданылмайды. Көп жағдайда мұның соңы трагедияға әкеп соғады.  

Бір нәрсе даусыз, Қазақстанда қоғамның қорғанышы аз санаты – әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, оларға толыққанды қамқорлық жасауға бағытталған саясат еліміздің əлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарының бірі. Жеңілдіктер мен түрлі қамқорлық шараларынан бастап, мемлекеттік қолдау, заңдар мен бағдарламалар бар. Олардың игі ықпалы бар.  Соның бір мысалы ретінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның қабылдануын айтуға болады.

Заңда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін шешудің жолдары –  отбасыларға көмек көрсету инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған өзгерістер белгіленген. Тұрмыстағы қылмыстар мен балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жаза күшейтілген. Бұрын әкімшілік-құқық бұзушылық деп жеңіл-желпі қаралып, бұзақылық жасаушылар сүттен ақ, судан таза боп шығатын жайлар қайта қаралды. Кейбір қылмыс түрлері, мысалы, адамды ұрып-соққаны, денсаулыққа жеңіл, ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіргені, азаптап-қинағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Осылайша, аталмыш заң әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты шараларды енгізуге жол ашты. Нәтижесінде зорлық-зомбылық пен қатыгездікке қарсы әрекет ету жүйелі сипат алды және алғашқы оң нәтижелер байқала бастады.

Бұл туралы кеңейтілген отырысты ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи айта келіп, аналар жұмысының ұстанымына лайық ой түйді: «Заңға енгізілген түзетулер отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жазаны едәуір күшейткеннен кейін  және басқа да шаралар нәтижесінде орташа және ауыр деңгейдегі тұрмыстық қылмыс саны едәуір  төмендеді. Жұмыс осы қарқынмен жүргізіле берсе, жағдай бұдан да жақсарады деген үміт бар. Бұл ретте біз, аналар, жазалауды емес,  қоғамдық сананың өзгеруі бағытын мақсат ете отырып, жұмыс істеуіміз керек».

Қоғамдық сананың өзгеруі дегеніміз не? Тұжырып айтсақ, ол – әр үйде, барлық азаматтардың бойында отбасындағы қатігездік пен озбырлыққа мүлдем төзбеушілік қасиетінің қалыптасуы. Ал қазіргі ақпарат легін қарап отырсақ, қоғамда әйелдер мен балаларға қатысты жасалып жатқан қылмыстар бұл қасиеттерден жұрдай жандардың әлі де көп екеніне көз жеткіземіз. Соңғы айда белгілі болған қылмыстық істер де қуануға ерте екенін көрсетіп отыр. Себебі не? Заң жұмыс істемей ме, әлде жәбірленушілер осы заңның өзін қорғайтынын білмей ме? Әлде жергілікті жерде заң нормаларын түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде емес пе? Жасалып жатқан қылмыстар бұлардың бәрі де мүмкін екенін көрсетеді.

Кейбіреулерін еске сала кетейік:

- Астана тұрғыны әйелін ұрып, өзі оныншы қабаттан секіріп мерт болған;

- Шымкенттік ер адам әйелі мен үш айлық қызын аяусыз соққыға жығып, нәресте жан сақтау бөліміне түскен;

- Таразда отбасындағы ұрыс-керістен кейін күйеуі үйге өрт қойып, ерлі-зайыптының екеуі де мерт болған;  

- Петропавлдық зейнеткер әйелін ұрып, үйін жарып жіберген;

- Түркістан облысының тұрғыны жетінші балаға аяғы ауыр әйелін соққыға жыққан.

Тізе берсек, әрбір өңірде осындай жан түршігерлік қылмыстар жасалып жатыр. Яғни, бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тамыры тереңге кеткенін айғақтайды. Қоғамды мұндай кеселден жеке-дара күресіп арылту ақылға сыймайды. Оған отбасы, мектеп, орта, ұжым, барша санаттағы адамдар болып, саналы түрде қарсы тұрғанда ғана алға ілгерілей аламыз.

Жиында сөз алған спикерлер, елдің түкпір-түкпірінен келген аналар бұл мәселеге өмірлік тәжірибесі, мамандығы, қызмет бабы тұрғысынан келіп, ойларын ортаға салды, ұсыныстар айтты. Сәтті амал-тәсілдерін ұсынды.

Мысалы, аналар кеңесінің мүшелері ауру қалса да, әдет қалмайтынын, бала естігенін емес, көргенін істейтіні бір сәт те естен шығармайды және сол ұстанымды басшылыққа алады. Өйткені бала жақсыны да, жаманды да бойына тез сіңіреді. Отбасындағы зорлық-зомбылық, ортасының қабылдамауы, мектептегі буллинг теріс әсер етіп, баланың дамуын тежейді, оқуға ынтасын төмендетеді. Үй ішіндегі дау-жанжал, әсіресе әке-шешесінен көрген зорлық-зомбылық баланың  психикалық, физикалық жай-күйін нашарлатады.  Ал бүгінгі бала – ертеңгі ересек адам.

Психологтар зорлық-зомбылық адамның  өзін-өзі бағалауын төмендетіп, эмоционалдық стресс пен депрессияны туындататынын еске салды. Өз денсаулығына зиян келтіру, қол салу сияқты шешімдер ғайыптан пайда болмайды, ол – осындай қарым-қатынастың салдары.  Бұл кеселге тап болған бала түгіл, ересек адамның еш нәрсеге құлқы болмай, еңбек өнімділігі төмендейді, жұмысынан айрылады.

Ал ең ауыры сол – қылмыстық әрекеттердің куəгері немесе құрбаны болған бала өмір бойы көріп өскен зорлық-зомбылық үлгілерін өз болмысына қабылдайды. Жүргізілген зерттеулер тұрмыстық зорлық-зомбылық ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, қиын жағдайда өскен балалардың ересек өмірде құрбан не зорлаушыға айналатынын айғақтап отыр. Мұндай атмосферада өсіп, тіршілік еткен адам азаматтарды қорғауға тиіс институттарға деген сенімді де жоғалтады. Бұл – қоғамның беріктігіне кері əсер ететін факторлардың бірі.

Кеңейтілген отырысқа міндетті түрде күн тәртібінде қаралатын мәселе бойынша танымал білікті мамандар шақырылады. Қонаевта өткен форумда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша өңірлердегі құқықбұзушылықтармен бетпе-бет келіп жүрген кәсіби білікті мамандар –  Аналар кеңесінің мүшелері семинар өткізді. Бұл – республикалық Аналар кеңесінің сапалық құрамының деңгейі туралы ой түюге болатын жай.   

Семинар өткізген мамандарға қоғамдағы  қилы ахуалдар жақсы таныс және олармен күресте көптеген кейстер ұсына алады. Мысалы, Резеда Баймұхаметова отбасындағы  зорлық-зомбылыққа, өзіне қол салу, балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстарға қатысты ұзақ жылдық тәжірибесі бар, Солтүстік Қазақстан облысындағы әскери бөлімдерде  сарбаздармен жұмыс істеп жүрген клиникалық психолог, суицидолог, ал Ақбаян Төлбасықызы «Ата-аналар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Түркістан облысында көптеген оң нәтижелі тренинг өткізген отбасылық коуч, сондай-ақ Лəззат Рақышева кезінде зорлық-зомбылық құрбаны болса да, бүгінде қиындықтарды еңсере алған табысты психолог ретінде танымал, «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорының жетекшісі.

Дәстүр бойынша жергілікті психологтарға, полиция қызметкерлеріне, дағдарыс орталықтары мамандарына арналған семинар танымды болды. «Рух» психологиялық орталығының директоры Р.Баймұхамбетова әңгімесін отбасылық құндылықтарды сақтауда әйелдердің орнын ештеңемен алмастыруға болмайтынынан бастап, сол адамның жанының тыныштығы, мінезінің байлығы, рухани мықтылығына көп нәрсе байланысты деп ой түйді. Адамның психологиялық күйзелістерінің отбасына қалай әсер ететінін, отбасы ішінде қандай проблемалар туындайтынын және олардың нақты міндеттерді орындауға, қызметтегі тиімділіктің төмендеуіне алып келуі мүмкін екенін ескертті. Психологтың айтуынша, жас адамның тұлға болып қалыптасуында өзін бағдарламалаудың маңызы зор.

Ақбаян Төлбасықызы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы тұру, зорлық-зомбылықтың ерте анықтау тәсілдері және отбасының қоғамдағы рөлі туралы дәрісімен тыңдаушыларды  қызықтыра алды. Оның ойынша, күтпеген, қолайсыз жағдайлардың болмауы үшін отбасында әр адам өз орнында болуының маңызы өте зор. Заманауи қазақ отбасындағы ана моделі туралы тренингінде бала бойында сепарация, жауапкершілік, инфантилизмнің қалыптасуына отбасылық тәрбие әсер ететініне тоқталды. Аудиторияны тақырыпқа бойлату, оны терең түсіну үшін талқылау барысында бір адамды бірнеше рөлде қатыстыру амалдары ешкімді бейжай қалдырмады.

Кез келген дәріс, тренингте теориядан гөрі нақты өмірде болған оқиға  баяндалып, содан сабақ алған жағдайлар көбірек қызығушылық тудырады. Кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып, өз өмірі, өз болашағы үшін теңсіз жағдайларда күрескен жанмен танысу қатысушылар үшін әсерлі сәт болды. Қазіргідей бейімді заң жоқ, қоғамның зорланған қызға деген біржақты ұстанымы үстемдік құрған кезде өз құқықтарын қорғай алған Лəззат Рақышеваның семинары – тыңдаушылар үшін үлкен олжа. Ол  қатысушыларға қауқарсыз емес, мықты болу білімге, мінезге көп байланысты екенін ұқтырған кездесу болды.

Әр маман өз семинарынан кейін қатысушылармен жеке кездесіп, оларға нақты мәселелер бойынша кеңес беруі аналар кеңесі мүшелерінің бұл бағыттағы жұмысында қолданатын қоржынын толтырғаны анық.

Жұмыс графигіне байланысты жиынға қатыса алмаған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаиды қабылдап, тақырыпты талқылауын биліктің азаматтық қоғам үніне құлақ түретінінің көрінісі деп қабылдадық. Әкім Аналар кеңесінің әр өңір ерекшелігіне сәйкес көтерген тақырыптарына қызығушылық таныта отырып, өзі басқаратын облыста «Зорлық-зомбылықсыз өңір» жобасына бастама жасау туралы ұсынысымызды қолдайтынын айтты. Аналар қоғамға төнген қатермен күресте тағы бір мықты қолдаушы таптық деген сеніммен аттандық.  

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,

жазушы,

республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары