Астанада алаяқтықтың 25 дерегіне қатысы бар күдікті ұсталды

Елордада алаяқтықтың 25 дерегіне қатысы бар күдікті ұсталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Интернет арқылы пәтерді жалға беремін деген сылтаумен алаяқтық әрекеттер жасаған 34 жастағы елорда тұрғыны ұсталды. Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті танымал интернет-платформаларда жалған хабарландырулар орналастырған. Пәтер жалдағысы келген азаматтар хабарландыруда көрсетілген нөмірге хабарласып, алдын ала төлем жіберген. Ал күдікті ақша алған соң ол байланысқа шықпай қойған.
Қазіргі уақытта шамамен 25 жағдай тіркелді. Жедел-іздестіру шаралары жүріп, күдіктінің тұлғасы анықталды. Полицейлер күдіктіні қолға түсіріп, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Полицейлер интернет арқылы пәтер жалдағанда аса сақ болу керегін және ресми келісімшартсыз бейтаныс адамдарға алдын ала төлем жібермеуді ескертеді.



