Қазақстан делегациясы Санкт-Петербургтегі Ресей Кеден академиясының студенттерімен кездесті

Бүгін, 16:21
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views75
Қазақстан делегациясы Санкт-Петербургтегі Ресей Кеден академиясының студенттерімен кездесті
Фото: ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті

Санкт-Петербургтегі Ресей Кеден академиясының филиалында Қазақстан Республикасы делегациясы академия басшылығымен және студенттерімен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуге Қазақстан тарапынан ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Ермек Қожабергенов, ҚМ МКК департаментінің директоры Динара Кушубаева, ҚР Кеден қызметінің Ресей Федерациясының Федералдық кеден қызметі жанындағы Өкілдігінің қызметкері Жандос Есмұханов қатысты.

Кездесу барысында академияда білім алып жүрген студенттердің оқу үдерісі мен кәсіби дамуына қатысты мәселелер талқыланды.

Ермек Қожабергенов мемлекеттік кірістер жүйесіндегі өз мәнсабын құру тәжірибесімен бөлісіп, шетелде білім алып жүрген жас мамандарды қолдауда осындай кездесулердің маңызды екенін атап өтті.

Іс-шара барысында студенттер делегация мүшелеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Жиында білімді іс жүзінде қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мамандардың сөзінше, мұндай іс-шаралар халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және кедендік әкімшілендіру саласында кадрлық әлеуетті дамытуға ықпал етеді.