Қылмыстық істердің 90% электрондық форматта тергеп-тексеріліп жатыр

Бүгін, 13:56
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views49
Қылмыстық істердің 90% электрондық форматта тергеп-тексеріліп жатыр
Фото: Freepik.com

Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов Twitter парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау және азаптауларға қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігіне арналған алқа отырысын өткіздім. Елімізде қылмыстық процесс барысында адам құқықтарын қорғауға қажетті барлық құқықтық негіздер қалыптастырылғанын атап өткім келеді. Сот ісін жүргізуді цифрландыру бойынша бірқатар шаралар қабылданып, процестік құжаттарды ресімдеу үшін ЖИ енгізілуде. Қылмыстық істердің 90 пайыздан астамы электрондық форматта тергеп-тексеріліп жатыр. Бұл қылмыстық істермен айла-шарғы жасауға, яғни материалдарды жоюға немесе түзетуге жол бермейді, дәлелдемелерді жинау процесінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді. Қылмыстық істерді тергеп-тексеру барысында азаматтарды заңсыз ұстау, тінту, заттарды алып қою және әуре-сарсаңға салу фактілері азайды», - деді Бас прокурор

Берік Асыловтың айтуынша, қадағалау шеңберінде прокурорлар қылмыстық қудалау органдарының 3 мыңнан астам процестік шешімін келісуден бас тартып, соның нәтижесінде азаматтардың негізсіз қылмыстық жауаптылыққа тартылуына жол берілмеді.

«Біз азаптаулардың алдын алу, азаматтардың жеткізілуі мен ұсталуы кезінде құқықтарының қорғалуы мәселелеріне ерекше назар аударамыз.Бірқатар өңірлерде прокурорлар мен құқық қорғау органдарының IT-технологияларды кеңінен қолдану бойынша бірлескен жұмысы оң бағаланды. Мысалы, азаптауларды болдырмау мақсатында прокурорлар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі (колониялар, түрмелер) бейнебақылау камераларына тікелей қосылады. Полиция органдарының кіреберістеріне бет-әлпетті тану функциясы бар бейнекамералар орнатылып, ғимаратта 3 сағаттан астам уақыт болған адамдарды анықтау тетігі іске қосылған. Азаматтар кезекші прокурорлардың байланыс деректерін және өз құқықтары туралы өзекті ақпаратты ала алатын QR-кодтар орналастырылған. Терроризм қаупі жоғары объектілер мен адамдар көп жиналатын жерлерде криминогендік жағдайды талдауға арналған «ақылды» камералар қосылған. Прокуратура үшін басты басымдықтар – адам құқықтарын қорғау, азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін нығайту және «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілеу бойынша жұмысты үйлестіру», - деді Берік Асылов.